присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енуі мүмкін

01 тамыз 2022 10:17
Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енуі мүмкін

Тарихы терең Тараз шаһары дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енуі мүмкін. Жергілікті билік әлемдік қолөнершілер кеңесіне өтініш берген, деп хабарлайды Хабар 24.

Қаланың әлеуетін бағалау үшін халықаралық сарапшылар бас қосты. Тараз ежелден қолөнері өркен жайған шаһар. Облыс орталығында 80-ге жуық қолөнер шебері тұрады. Оның 30 пайызы киіз өнімдерін дайындаумен шұғылданады.

"Бұл өнер түрін Тараз қаласының брендіне айналдыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қаланың туристік және қолөнерлік әлеуеті бар. Тасын түртсе тарихы көрінетін тараз шаһары Қазақстандағы тарихи туризм мәртебесіне лайық түрде ие болып отыр. Біздің ойымызша, Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енуге толық мүмкіндік бар", -дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Қалендеров.
Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне әлемнің 55 шаһары енген. Бұл тізімге әзірге Қазақстанда бір де бір шаһар енбеген.

Сарапшылар пікірінше, Тараздың мүмкіндігі мол.

"Тараз Ұлы жібек жолы бойындағы саудасы дамыған қалалардың бірі әрі бірегейі болған. Әсіресе қолөнер өнерінің терең тарихы бар. Осыны қайта жаңғыртып, дүние жүзіне паш ету керек", - дейді Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша вице-президенті Әзизбек Мұртазаев.
Бұл мәртебелі тізімге енген қалаларға қойылатын талап бар. Халықаралық сарапшылар осы сапардан соң бас қосып, қорытынды шығарады. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне ену-енбеуі қыркүйекте белгілі болады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру