присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Елімізде келер жылы жиһаз өндірісі бойынша 4 ірі жоба іске қосылады

05 мамыр 2022 17:36
Елімізде келер жылы жиһаз өндірісі бойынша 4 ірі жоба іске қосылады

Келесі жылы елімізде жиһаз өндірісі бойынша 4 ірі жоба іске қосылады. Бүгінде кәсіпорындар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, өндіріс ошағына қажетті жабдықтарды сатып алып жатыр. Жалпы, 2025 жылға дейін жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінде 12 жобаны іске асыру жоспарланған. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 млрд теңгені құраған. Атап айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6%-ға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4%-ға, ас үй жиһазы 33,5%-ға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2%-ға артқан.

«Бүгінде Қазақстанда жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Салада жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артуда. Жалпы, елімізде тұрғын үй құрылысы жылдан жылға белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болып отыр», – дейді сала мамандары.

Мәселен, биыл Солтүстік Қазақстан облысында жиһаз өнеркәсібі үшін шикізат компоненттерін шығару бойынша екі жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, «Сапа Инвест Плюс» ЖШС ағаш-жоңқа плиталарын, оның ішінде 30 мың м.3 көлемінде ламинатталған тақталар өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Ал «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС қайың ағашынан 50 мың м.3 ағаш-жоңқа плиталарын шығаруға ниетті.

Айта кетерлігі, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Германияға жөнелтілген. Сұранысқа ие тауарлардың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаштан дайындалған жиһаз сынды тауарлар бар.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру