присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Атырауда әкімдік 38 миллион теңгеге бес дәретхана орнатты

31 тамыз 2020 15:36
Атырауда әкімдік 38 миллион теңгеге бес дәретхана орнатты

Атырауда жалпы сомасы 38 миллион теңгеге бес қоғамдық дәретхана орнатылды, -деп хабарлайды Taunews.kz, Ақжайық басылымына сілтеме жасап.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қоғамдық орындарда жүрген кезде қолайсыздықты сезінген қала тұрғындары мен қонақтарының өтініші бойынша сатып алғанын айтады.

ТКШ бөлімінің меңгерушісі Алмас СӘРСЕНОВТІҢ айтуынша, ашық тендерде ең аз сома 38 миллион теңгені ұсынған «АврораKZ» ЖШС жеңіп алған. Тендер шарты бес дәретхананы жеткізу мен орнатуды, оларды кәріздік және электр жүйелеріне қосуды қамтиды.

«Мен бұл соманың құлаққа түрпідей тиетінін түсінемін, бірақ барлық құжаттарды дайындауды, орнату мен қосуды, салықтар мен банктік комиссия шегерімдерін есептесек, бұл орынды сома, көтеріңкі емес. Қаламыз қарқынды дамып келеді, алаңдар мен гүлзарлар салынып, қайта жаңартылуда, жолдар кеңейтіліп, көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Жалпы, атыраулықтар көшеде жүрген уақытын түзге отыратын жер іздеумен емес, жайлы өткізуі керек. Сатып алынған дәретханалар функционалды және эстетикалық тұрғыда жарасымды, қалалық ортаға сай келеді деп ойлаймын», -дейді Алмас Сәрсенов.

Атырауда дәретханалар Жеңіс саябағында, Исатай-Махамбет алаңында, Авангардтың соңғы аялдамасында және тағы екеуі жағалауға орнатылды.

«Олар таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Мұнда дәретхана қағазынан бастап гигиена құралдарына дейін қажеттінің бәрі бар. Ондағы тазалық пен тәртіпке «Арнаулы автобаза» ЖШС жауап береді. Қазір дәретханаға бару ақысыз, бірақ болашақта олар сенімгерлік басқаруға беріледі». - деді қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, интернетте мұндай типтік қоғамдық дәретханалардың бағасы 2,5 миллион теңгеден басталады. Өткен жылы Семей қаласының басшылығы 18 миллион теңгеге екі дәретхана сатып алған. Сондай-ақ, биыл Алматының элиталық ауданында жалпы құны 96,5 миллион теңгеге он көше дәретханасы орнатылады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру