присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақ тілін қорлағандарды жауапқа тартатын орган жоқ – Абзал Құспан

31 қазан 2023 16:51
Қазақ тілін қорлағандарды жауапқа тартатын орган жоқ – Абзал Құспан

Қазақстанда мемлекеттік тілге қатысты заң бұзғандарды жауапқа тартатын уәкілетті органды айқындау керек. Бұл туралы депутат Абзал Құспан айтты.

Мәжілісте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Отырыста депутат Абзал Құспан өзекті мәселені көтерді.

Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодексте 75-бап бар. Ол бапта тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазір қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр.

75-бап бойынша айыппұлдар көрсетілген... Алайда 75-бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Тиісінше (адамдар – авт.) тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына (тиетін – авт.) сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапқа тартайық десек, бірде-бір уәкілетті орган жоқ, - деді Абзал Құспан.

Депутаттың пікірінше, бұл бап іс жүзінде жұмыс істемейтін болса кодекстен алып тастау керек.

«Біз 75-бапты жұмыс істемейтін бап ретінде (заңнан) алып тастауымыз керек. Тілге қатысты заң бұзғандарға бір өкілетті органды айқындау керек. Қазір ұсыныс енгізейін десек, тілге қатысты орган жоқ. Тілдерді дамыту комитеті біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке көшеді. Қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарайды. Халықты алдамай осы мәселені бір жағына шығаруымыз керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова депутат көтерген мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді.

75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Өйткені, соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодексте осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша жұмыс жүргіземіз, - деді вице-министр.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру