присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Костенко шахтасындағы апат: Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын кінәлады

31 қазан 2023 10:56
Костенко шахтасындағы апат: Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын кінәлады

Премьер-министр Әлихан Смайылов 46 кеншінің өмірін қиған Костенко атындағы шахтада болған апатқа «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы кінәлі екенін айтты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысы Костенко атындағы шахтадағы апат тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған.

Осындай апат биыл тамыз айында да болды. Ол кезде 5 кенші қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте кәсіпорын басшылығының кінәсі, - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру