присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қарағанды облысының тасжолдарында 18 жылжымалы блокбекет қойылды

23 қыркүйек 2022 11:43
Қарағанды облысының тасжолдарында 18 жылжымалы блокбекет қойылды

Қарағанды облысының тасжолдарында 18 жылжымалы блок-бекет қойылды.

Қарағанды облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар және облыстық тасжолдарға мал ұрлығының алдын алуға байланысты 18 жылжымалы блокбекет қойылды.

Оның құрамына криминалдық полиция, учаскелік полиция инспекторларымен патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

– Өздеріңізге белгілі қазіргі уақытта дәстүр бойынша күздік және соғым уақыты жақындап келеді. Бұл кезде барымташылардың да халықтың малына тыныштық бермейтіні анық. Солардың кесірінен төрт түлігін баптап отырған шаруа қожалық иелері жапа шегеді. Нақты мысал келтіре кетейін, өткен аптада ғана осы тасжолда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ешқандай құжатсыз 6 жылқы әкеле жатқан автокөлік тоқтатты. Тексере келгенде жылқылардың жайылымнан ұрланғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, ол тергеліп жатыр», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Ә.Әбілдин «Қарқаралы-Қарағанды» тасжолындағы блокбекетке түскен қызметкерлерге нұсқама өткізіп, полиция қызметкерлерінің алдына ет өнімдерін тасымалдап келе жатқан автокөліктерді тексеру барысында өнімдерге құжаттардың болуын, малдың ұрланған не болмаса өз малдары екенін анықтау бойынша міндеттер жүктеді.

Айта кету керек, облыс аумағында жыл басынан бастап мал ұрлығына байланысты 47 дерек тіркелді. Кешенді іс-шаралардың барысында полиция қызмектерлері 22 қылмысты ашты. Сондай-ақ, тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды. Олардың 14 қылмысқа қатыстылығы анықталып, қазіргі уақытта іс сотқа жіберілді. Қарағанды облысының Полиция департаменті тұрғындардан полиция қызметкерлері өткізіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру