присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Ердоғанға Ресейдің жарты территориясы белгіленген Түркі әлемінің картасы сыйға тартылды

18 қараша 2021 15:41
Ердоғанға Ресейдің жарты территориясы белгіленген Түркі әлемінің картасы сыйға тартылды

  

Ұлтшыл қозғалыс партиясының жетекшісі Девлет Бахчели Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға «Түркі әлемінің» картасын сыйға тартты. Түркі әлемінің картасында Ресейдің жарты территориясы сары түспен бейнеленген.
 
Бахчелидің картаны Ердоғанға тарту етіп жатқаны түсірілген фото партияның Twitter-дегі парақшасында жарияланған. Анкара бұған қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Картада Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан қызыл түспен белгіленген.
 
Сонымен қатар қызғылт сары түспен Балқан түбегінің кейбір елдері, Иранның бір бөлігі, Ресейдің оңтүстік аймағы, Сібірдің көп бөлігі және Моңғолияның батыс бөлігі боялған. Сары түспен Алтай, Якутия және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы белгіленген. Парақшада бұл түстердің нені білдіретіні жазылмаған. 
 
Cumhuriyet басылымының жазуынша, Бахчели мен Ердоған түрік басшысының сарайында кездескен. Олардың кездесулері 45 минутқа созылған.
 
Еске салсақ, 12 қарашада Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өткен саммитке Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Жиында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгертілетіні жарияланған.
0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру