«Оқиғаға дейін жақсы еститінмін»: Астанада қасбет құлаған кезде жарақат алған әйел сотта жауап берді
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот отырысында оқиға кезінде зардап шеккен Айнұр Нұрпейісова болған жағдайды айтып берді.
Нұрпейісованың сөзінше, ол 2025 жылдың қараша айында Қостанайдан Астанаға медициналық тексеруден өту үшін келген. 8 қараша күні таңертең әпкесімен бірге үйден шыққаннан кейін болған оқиғаларды есіне түсіре алмаған.
«Одан кейін не болғанын білмеймін. Тек ауруханада жатқанымды білемін. Оқиғадан кейін үшінші күні күйеуім келгенде ғана есімді жиып, ауруханада жатқанымды түсіндім. Оған дейін жақсы еститін едім», – деді ол сотта.
Зардап шеккен әйел медициналық мекемеде 16 күн ем қабылдаған. Ауруханадан шыққан соң Астанада тағы шамамен бір ай қалып, дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін Қостанайға оралған.
Оның айтуынша, оқиға салдарынан бас сүйегі мен бірнеше қабырғасы сынған. Нұрпейісова денсаулығына келтірілген зиян үшін кінәлі адамның заң аясында жауапқа тартылғанын қалайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің маңында болған. Ғимараттың сыртқы қаптамасы опырылып, бірнеше адам үйінді астында қалған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан кезде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуан мен оның әріптесін жарақаттаған.
Оқиға салдарынан бес адам түрлі деңгейде жарақат алды. Ал 23 жастағы Ұлдана Мырзуан алған ауыр жарақаттардан кейін он күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, 18 қарашада көз жұмды.
Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшердің ерлігін атап өтіп, оны қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
USD