19 тамызда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне таулы аймақта адам денесінің табылғаны туралы ақпарат түскен. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
ТЖД қызметкерлері полиция өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Құқық қорғау органдары оқиға болған жерді тексеріп, сондай-ақ із-түзсіз жоғалған адамдар туралы ақпараттармен салыстыру арқылы марқұмның кім екенін анықтау шараларын қолға алды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шамамен сағат 13:01-де құтқару тобы Северцев мұздығына аттанған. Мәйіт теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктіктен табылған.
Операцияға ТЖМ-нің «Қазавиаспас» әуе борты, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмылдырылды.
Құтқарушылардың жұмысын биік таулы жер бедері күрделендірген. Оқиға орнына жетуге тік жартастар, қиын өтетін учаскелер, жоғары биіктік және қолайсыз ауа райы кедергі келтірді.
Мәйіт таудан төмен түсірілгеннен кейін Алматы облысының полиция қызметкерлеріне беріледі. Марқұмның жеке басы мен оқиғаның себептері тиісті сараптамалар мен тексеру нәтижесінде анықталмақ.
USD