Арқалық әуежайына Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) үш әріптен тұратын AYK халықаралық кодын ресми түрде қайтарды.

Фото: Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі.
Тиісті шешім 2026 жылғы 12 тамызда әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары аясында қабылданған. Айта кетейік, AYK коды Арқалық әуежайына бұрын да тиесілі болған. Енді ол қайта қалпына келтірілді.
Халықаралық кодтың берілуі әуежайдың жаһандық әуе көлігі инфрақұрылымына интеграциялануына жол ашады. Атап айтқанда, нысан халықаралық әуе билеттерін брондау және рәсімдеу жүйелеріне, рейстер кестелеріне, сондай-ақ азаматтық авиацияға қатысты халықаралық ақпараттық платформаларға енгізіледі.
Бұл жұмыстар Қазақстан Президентінің Арқалық әуежайын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Көлік министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр.
Осылайша, тарихи әуежайдың халықаралық AYK кодының қайта енгізілуі оны одан әрі дамытуға және әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.