Астана – Қарағанды – Алматы бағытындағы тасжолда ауыр жол-көлік оқиғасы болып, бір адам қаза тапты. Апат кезінде Mercedes көлігі алдынан келе жатқан «Газельмен» соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы тасжолдың 51-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Астанаға қарай қозғалған Mercedes жүргізушісі жолдағы көліктерді басып озуға әрекет жасаған. Алайда маневр сәтсіз аяқталып, жеңіл көлік «Газельге» соғылған.
Қатты соққыдан кейін «Газель» жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол бойында бірнеше рет аударылған. Оқиға салдарынан бір адам көз жұмды.
Жантүршігерлік сәт трассада орнатылған жасанды интеллект жүйесі бар камераға жазылып қалған. «ҚазАвтоЖол» бейнежазбаны жариялап, жүргізушілерді жолдағы қауіпті маневрлерден бас тартуға шақырды.
Компания өкілдері басып озу кезінде бірнеше секундқа созылған асығыс шешім ауыр зардапқа әкелуі мүмкін екенін ескертті. Жүргізушілерге маневр жасамас бұрын жол жағдайын жан-жақты бағалап, қарсы бағыттағы және қатар келе жатқан көліктерге мұқият назар аудару ұсынылды.
Қазіргі уақытта жол апатының нақты себептері мен мән-жайын полиция анықтап жатыр.
USD