Астанада медициналық мекеменің бұрынғы қызметкері пациенттің алтын әшекейлерін ұрлады деген күдікке ілінді
Астанада полиция медициналық мекемеде ем қабылдап жатқан пациенттің алтын әшекейлерін ұрлады деген күдікпен 22 жастағы ер адамды ұстады.
Полиция мәліметінше, әйел медициналық ұйымға алтын сырға мен алқа тағып келген. Кейін оның туыстары әшекейлердің жоғалғанын байқап, құқық қорғау органдарына хабарласқан.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол осы медициналық мекемеде бұрын жұмыс істеген адам болып шыққан.
Алдын ала тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам пациентке тиесілі сырға мен алқаны алып, оларды ломбардқа өткізген. Құқық қорғау органдары әшекейлерді тауып, заттай дәлел ретінде тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
USD