Маңғыстау облысының Қарақия ауданында екі жасөспірім Каспий теңізіне үрлемелі матраспен тым алыстап кеткен. Оларды Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары дер кезінде байқап, жағаға қауіпсіз жеткізді.
Оқиға Құрық ауылы маңындағы «Ерсай» аумағында болған. Жағалауды кезекпен бақылап жүрген мамандар теңіз жағасынан шамамен бір шақырым қашықтықта жүрген балаларды көрген. Олар 2012 және 2013 жылы туған жасөспірімдер болып шықты.
Құтқарушылар бірден оқиға орнына жетіп, екі баланы үрлемелі матрастан алып, жағаға жеткізді. Медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ мамандары ата-аналарға балалардың судағы қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауды ескертті. Балаларды су айдындарында жалғыз қалдырмау, олардың жағадан алысқа кетуіне жол бермеу және қауіпсіздік талаптарын алдын ала түсіндіру маңызды.
Құтқарушылар әсіресе үрлемелі матрастар мен басқа да жүзу құралдарын пайдаланған кезде абай болуға шақырды, өйткені жел мен толқын олардың жағадан тез алыстап кетуіне себеп болуы мүмкін.
USD