Қазақстанда жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарының санитариялық жағдайына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жүздеген нысанға қатысты шектеу шаралары қолданылған.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, маусым айында жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау барысында мектептердегі анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 8,4 мың нұсқама берілген. Сонымен бірге 287 жедел ден қою шарасы қабылданған.
Олардың ішінде 247 білім беру нысанының қызметіне толық тыйым салынған. Бұл шешімдердің басым бөлігі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты қабылданған. Атап айтқанда, 240 нысанда тиісті құжат болмаған. Тағы жеті нысан авариялық жағдайда тұрған ғимараттарда орналасқаны анықталған.
Бұдан бөлек, санитариялық-техникалық жағдайы талапқа сай емес және инженерлік жүйелері істен шыққан 40 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды.
2,3 млн оқушы медициналық тексеруден өтті
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында 2,3 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өткен.
Скрининг нәтижесінде оқушылардың шамамен 11 пайызынан әртүрлі денсаулық мәселелері анықталған. Балалар арасында ең жиі кездесетін аурулардың қатарында тіс жегісі, қан аздық және миопия бар.
Оқушылардың денсаулығын бақылау жүйесі де жаңартылып жатыр. Биылдан бастап медициналық тексерулерді цифрландыруға басымдық беріліп, жасанды интеллект элементтері қолданылатын заманауи диагностикалық құрылғылар енгізілуде.
Атап айтқанда, мектептерде ЭКГ аппараттары, цифрлық фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар және ауыз қуысының жағдайын тексеруге арналған интраоральдық камералар пайдаланылады.
Мектеп асханалары да бақылауда
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі тамақтану сапасына да ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарындағы асханалардың 95 пайызы тексерілген.
Ведомство жаңа оқу жылында балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейтпек. Бұл ретте санитариялық нормалардың орындалуы, асханалардың жағдайы және оқушыларға ұсынылатын тағамдардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі назарда болады.
USD