Астанада полиция қызметкерлері мерекелік басқосудан кейін көлік тізгініне отырған 43 жастағы әйелді анықтады. Ол алкоголь ішкеннен кейін автокөлік басқарған.
Оқиға демалыс күндерінің бірінде таңғы сағат 05:00 шамасында Қорғалжын тасжолында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері «Chery» маркалы көлікті тоқтатып, жүргізушісін тексерген.
Тексеру нәтижесінде елорда тұрғынының көлікті мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Әйелдің айтуынша, ол қонақта болған мерекелік отырыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан.
Полиция аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырды.
Істі қараған сот әйелді көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырды.
Полиция мәліметінше, өткен демалыс күндері елордада мас күйінде көлік жүргізген 26 жүргізуші анықталған.
Құқық қорғау органдары рейдтік және профилактикалық шараларды жалғастырып жатыр. Полиция азаматтарға алкоголь ішкеннен кейін көлік жүргізбеуге, сондай-ақ мас адамның рөлге отыруына жол бермеуге кеңес берді.
USD