Павлодар–Астана автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бір бала көз жұмып, тағы үш жасөспірім түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінді.
Жол апаты 14 тамыз күні сағат 16:30 шамасында Қалқаман ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, тасжолда екі көлік соқтығысқан. Апаттан кейін зардап шеккендер Павлодар облысындағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Қыз балалардың бірінің жағдайы өте ауыр болған. Жедел жәрдем қызметкерлері оны көліктен клиникалық өлім жағдайында шығарған. Мамандар шұғыл реанимациялық шаралар жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Қалған үш бала облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жеткізілген.
9 жастағы бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Оған іштің жабық жарақаты диагнозы қойылды. Медициналық тексеру барысында ішкі ағзалардың, соның ішінде бауырдың зақымдануы мүмкін деген күдік болған. Бала хирургия бөліміне жатқызылды.
15 жастағы жасөспірімнің басынан жабық жарақат алғаны, миы шайқалғаны және кеуде тұсының қатты соғылғаны анықталды. Ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Ал 16 жастағы қыздың жағдайы салыстырмалы түрде жеңіл. Тексеру кезінде ми шайқалуы анықталмаған. Дәрігерлер оның оң жақ тізе буыны соғылғанын анықтап, қажетті медициналық бақылаудан кейін үйіне амбулаториялық ем алуға жіберді.
Оқиғаның мән-жайы мен жол апатына себеп болған жағдайлар анықталып жатыр.
USD