Қазақстанда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қомақты біржолғы сыйақы тағайындау жоспарланып отыр. Жүлде мөлшері жеңіп алған медальдің деңгейіне қарай белгіленеді.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, халықаралық зияткерлік жарыстардың алтын жүлдегерлеріне 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК-ке дейін, ал қола жүлдеге 500 АЕК-ке дейін біржолғы төлем қарастырылған.
2026 жылғы есеп бойынша бұл сомалар тиісінше 6 млн 487,5 мың теңгеге, 4 млн 325 мың теңгеге және 2 млн 162,5 мың теңгеге дейін жетеді.
Сүлейменова мұндай қолдау дарынды оқушыларды ынталандыруға және олардың халықаралық деңгейдегі жетістіктерін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қазақстандық оқушылар мыңнан астам медаль жеңіп алды
2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысқан. Нәтижесінде ел құрамасы 1059 медальға және 57 арнайы марапатқа ие болды.
Салыстыру үшін, 2023-2024 оқу жылында оқушылар 563 медаль алса, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 541 болған. Осылайша, соңғы оқу жылында жүлделер саны айтарлықтай өскен.
Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионатында төртінші рет топ жарған. Химия бойынша халықаралық олимпиадада да команда үш мәрте чемпион атанған. Ал физика пәнінен ел құрамасы абсолютті жеңіске қол жеткізді.
Министрдің айтуынша, физикадан өткен 56-шы халықаралық олимпиададағы нәтиже Қазақстан үшін ерекше тарихи жетістік болды. Колумбияда ұйымдастырылған жарыста ұлттық құраманың бес мүшесінің барлығы алтын медаль иеленген.
Ведомство бұл нәтижелерді оқушыларды халықаралық жарыстарға жүйелі түрде дайындау мен дарынды жастарды қолдау жұмыстарының нәтижесі ретінде бағалап отыр.
USD