Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап мектептердегі білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу жоспарларын Жаңа Конституцияның нормаларына сәйкестендірді.
Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің дерегінше, бүгінде еліміздегі 12 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымында 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде шамамен 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтуде.
Сонымен қатар 20 қала мен 23 ауданда ваучерлік қаржыландыру тетігі пилоттық форматта жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 1,1 миллион ваучер берілген.
Ведомство басшысының айтуынша, ваучерлік жүйе нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі айтарлықтай қысқарған. Бұған дейін 160 мың баланы қамтыған кезек саны 23 мыңға дейін азайған. Осы бастаманың арқасында бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделген.
Бұдан бөлек, мектеп жасына дейінгі балалардың ерте жастан еңбек пен кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған жоба қолға алынған. Қазір 100 балабақшада кәсіптік бағдар берудің арнайы тәсілдері сынақтан өткізіліп жатыр.
Жалпы, еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион оқушы білім алуда. Биыл 380 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барса, 227 мың оқушы 11-сыныпта оқуын жалғастырады. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам түлек мектеп бітірген.
Мектептерде жаңа міндетті пәндер пайда болады
Жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың құқықтық сауаттылығын және жеке қауіпсіздік дағдыларын арттыруға бағытталған бірнеше міндетті курс енгізіледі.
Атап айтқанда, 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары оқытылады.
Бұған дейін таңдау пәндерінің қатарында болған «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті пән ретінде оқытылады. Курстың мазмұны Жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттарға сәйкес қайта қаралған.
Осы өзгерістер арқылы мектеп оқушыларының құқықтық білімін күшейту, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту көзделіп отыр.
USD