Қазақстан Үкіметі 2035 жылға дейін гидроэнергетика саласын дамытуға арналған кешенді жоспарды бекітті. Жаңа құжат елдегі су электр энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалануға, жаңа ГЭС жобаларын жүзеге асыруға және энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоспар Қазақстанның гидроэнергетикалық мүмкіндіктерін игеру бойынша ұзақ мерзімді бірыңғай бағытты айқындайды. Жаңа нысандарды жоспарлау барысында су қорларының көлемі, электр жүйесінің қажеттілігі, техникалық жағдай, экологиялық талаптар және инвестициялық мүмкіндіктер назарға алынатын болады.
Үкімет мәліметінше, құжат алты негізгі бағытты қамтитын 30 шарадан тұрады. Оның ішінде өзендердің су ресурстары мен энергетикалық әлеуетін зерттеу, болашақ жобалар туралы бірыңғай ақпараттық база құру, құрылысқа қажетті жер телімдерін дайындау, гидроэлектр стансалары мен гидроаккумуляциялық электр стансаларының жобаларын қалыптастыру, сондай-ақ салаға қажетті мамандар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу қарастырылған.
Зерттеу жұмыстары жаңа стансалар салуға қолайлы аумақтарды анықтауға, олардың техникалық параметрлерін белгілеуге және су тапшылығы мен қоршаған ортаға әсер ету сияқты тәуекелдерді алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер мемлекеттік органдар мен инвесторлар үшін ортақ цифрлық платформада біріктіріледі.
Энергия өндіру қуатын арттыру жоспарына сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда гидроэнергетика бағытында кемінде 500 МВт жаңа қуат іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар гидроаккумуляциялық электр стансаларын салу мүмкіндігі де қарастырылуда.
Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы өңірлерді электрмен қамту тұрақтылығын арттырып, елдің бірыңғай электр жүйесінің сенімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жобаларды таңдау кезінде су ресурстарының жағдайы мен экологиялық талаптар ескеріліп, табиғи ортаға келетін әсерді азайту көзделген.
Осылайша, Қазақстан гидроэнергетика саласын дамытуда зерттеу жұмыстарынан бастап, нақты жобаларды іске асыруға және мамандар даярлауға дейінгі толыққанды жүйе қалыптастыруды жоспарлап отыр.
USD