Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жарыстың алғашқы күнінде медальдар кестесінде көш бастады.
60 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық спортшы Ғабит Расулхан чемпион атанды. Финалдық кездесуде ол Канададан келген Роман Семирозумды жеңіп, әлем біріншілігінің алтын медаліне қол жеткізді.
Ғабит жарыс барысында да бірнеше мықты қарсыластан басым түсті. Ол финалға дейін Алжир, Түркия, Украина және Жапония өкілдерін жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды.
Қазақстандық спортшылар арасында жүлдеге іліккендер де бар. 50 келіге дейінгі салмақта Әділжан Нұрбекен, ал 40 келіге дейінгі бәсекеде Адия Жанахмет күміс медаль иеленді. Бекарыс Құдайберген (-50 кг) мен Ахмет Баубек (-60 кг) жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Осы нәтижелерден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында бір алтын, екі күміс және екі қола медаль жиналды. Бұл көрсеткіш ұлттық құраманы жарыстың алғашқы күнінен кейін жалпы медаль есебінде бірінші орынға шығарды.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 23 тамызға дейін жалғасады. Биылғы додаға әлемнің 59 елінен 457 жас дзюдошы қатысып жатыр.
USD