Қазақстанда дене шынықтыру мен спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың үлесі өскен. Ұлттық статистика бюросының 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізген зерттеуіне сәйкес, үш жастан асқан халықтың 47,7%-ы спортпен айналысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайыздық тармаққа жоғары.
Зерттеу нәтижесінде тұрғындардың 19,2%-ы бос уақытында спортпен өз бетінше шұғылданатыны анықталған. Ал 28,1%-ы білім беру ұйымдарындағы спорттық сабақтарға қатысады. Сауалнамаға қатысушылардың тағы 0,4%-ы спортты кәсіби деңгейде таңдаған.
Спортпен айналысу көрсеткіші қалада жоғары болып отыр. Қалалықтардың 49,3%-ы дене белсенділігімен шұғылданса, ауыл тұрғындары арасында бұл үлес 45%-ды құрады. Сонымен қатар қала тұрғындары жаттығуды өз бетімен жасауды жиірек таңдайды: мұндай тәсілді қалалықтардың 22,2%-ы қолданса, ауылдық жерде бұл көрсеткіш 13,7%-ға тең.
Жасына қарай қарағанда, спортпен өз бетінше айналысатындардың ең көп үлесі 36-48 жастағы азаматтарға тиесілі – 28,4%. 17-28 жастағылардың көрсеткіші 18,6% болса, 58 жастан асқандар арасында 16,6%-ды құрады. 29-35 және 49-57 жас аралығындағы тұрғындардың үлесі тиісінше 16% және 15,4% болды.
Өңірлер арасында жас топтарына байланысты көрсеткіштер де әртүрлі. Мәселен, 17-28 жастағы жастар арасында өз бетімен спортпен шұғылданатындардың ең жоғары үлесі Маңғыстау облысында тіркелген – 48,1%. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 31%, ал Ақтөбе мен Ұлытау облыстарында 28,9%-ды құрады.
36-48 жастағы тұрғындар арасында Павлодар облысы 42,6% көрсеткішпен алда тұр. Одан кейін Жамбыл облысы (40,8%) мен Шымкент қаласы (39,2%) орналасқан. Ал 58 жастан асқан азаматтар арасында Солтүстік Қазақстан (32,7%), Қостанай (32,2%) облыстары және Алматы қаласы (30,3%) жоғары нәтиже көрсеткен.
Жыныстық бөліністе спортпен өз бетінше айналысатындар арасында ерлердің үлесі 51%, әйелдердікі 49% болды. Ерлер арасында белсенділердің басым бөлігі 36-48 жас тобында болса, әйелдерде де осы жас санаты көш бастап тұр.
Жалпы алғанда, өздігінен жаттығу жасау қазақстандықтар арасында дене белсенділігінің негізгі түрлерінің бірі болып қалып отыр. Зерттеу қорытындысы ел тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.
USD