Шымкентте полицейлер өзен ағысына кеткен екі қызды құтқарып қалды
Шымкентте полиция қызметкерлері суға шомылу кезінде өзеннің қатты ағысына тап болған екі қызды құтқарып қалды.
Оқиға Қарабастау шағынауданында болған. Құқық қорғау органдарына екі қызды су ағысы алып бара жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер уақыт жоғалтпай көмекке кіріскен.
Инспектор Нұрлан Жұмабай әріптестерімен бірге өзенге түсіп, қыздарды судан алып шыққан. Құтқарылған екі жасөспірім жағаға жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Полицейлердің жедел әрі бірлескен әрекетінің арқасында оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласпады.
Полиция департаменті тұрғындарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. Мамандар белгіленбеген және қауіпті жерлерде шомылмауға, сондай-ақ өзен ағысының күшін ескеріп, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға шақырады.
USD