Алматы облысында 800-ден астам автокөлікті заңсыз тіркеуге қойған ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесіне сот үкімі шықты. Сотталушылар қылмыстық әрекетке қатысу деңгейі мен атқарған рөліне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық схема салдарынан мемлекетке төленбеген алғашқы тіркеу және утиль алымдарының көлемі 6,6 млрд теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде топ мүшелерінің шамамен екі жыл бойы автокөліктерді белгіленген талаптарды айналып өтіп тіркегені анықталған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық схеманың алғашқы кезеңінде Қазақстанға техникалық регламент талаптарын бұзып әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркеуден өткен.
Кейін топ мүшелері жеңіл автокөліктерді тіркеудің басқа тәсіліне көшкен. Заңсыз әкелінген машиналарға елімізде бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы әдіспен тағы 209 автокөлік есепке қойылған.
ҚМА мәліметінше, заңсыз әрекеттерге полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО мамандары және жекелеген нотариустар да тартылған. Олар ақпараттық жүйелерге жалған деректер енгізіп, сондай-ақ көліктерді үшінші тұлғалардың атына рәсімдеу үшін жалған сенімхаттардың жасалуына көмектескен.
Осының нәтижесінде мемлекетке 5,4 млрд теңге көлемінде тіркеу алымы және 1,2 млрд теңге утиль алымы түспеген. Тергеу кезінде көлік иелері алғашқы тіркеу төлемдерін өз еркімен өтеп, бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Бұдан бөлек, сот шешімімен сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алынған бес автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Іске қатысы бар бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал нотариустарға қатысты сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салу туралы шешім қабылдады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
USD