135 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазған қылмыстық топ мүшелері сотталды
Алматыда 135 млрд теңгеге жуық жалған шот-фактура жазумен айналысқан әрі салық төлеуден жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік өкілдерінің мәліметінше, қылмыстық топ 2018-2020 жылдар аралығында өз бақылауындағы 25 компания арқылы 135 млрд теңгеге жуық сомаға жалған шот-фактуралар жазып, контрагент-сатып алушылардың бюджетке төленбеген салықтары түрінде мемлекетке 39 млрд теңгеге жуық шығын келтірген.
Сондай-ақ тергеу барысында контрагент-сатып алушылардың бақылаудағы компаниялардың банктік шоттарына түскен қаражаттары шетел компанияларымен жалған шарттар жасасу арқылы республикадан тыс жерлерге шығарылғаны, онда шетел валютасындағы қайтарылмаған қаражаттың сомасы 6,6 млн АҚШ долларын құрағандығы анықталды.
Сот үкімімен бес айыпталушының барлығы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.
Тәркіленген 65 мың АҚШ доллары мен 20 млн теңгеден астам қаржы мемлекет кірісіне айналдырылды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ