присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Депутат утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды

26 қаңтар 2022 15:17
Депутат утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды

Мәжілістегі "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшелері жекеменшік "Оператор РОП" компаниясының функцияларын мемлекеттік операторға беру рәсімін толық аяқтағанға дейін утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды.

Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утилизациялық алым төлеген.

"Мұндай заңды "бопсалаудың" нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өсті. Осының салдарынан ескі көліктердің де бағасы шарықтады", - дейді ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Ол көрші елдермен баға айырмашылығы Қазақстанға шетелдік көліктердің тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік бергенін айтты. Мәселен, Қазақстанға шетелдік нөмірі бар 200 мыңнан астам көлік кірген, оның көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмыстық мүлік саналады. Сонымен қатар 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнына да 5% утилизациялық алым жиналған.

"Осы мәселеге қатысты президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады. Бірақ, біз бүгін тапсырманың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын "Жасыл даму" мемлекеттік акционарлық қоғамына дереу беруді көздейтін қаулы жобасы орналастырылды. Бұл қаулы жобасына сәйкес, бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты", - дейді Жаңбыршин.

Бұл ретте депутат "Оператор РОП"-тың БАҚ-қа берген мәліметін тілге тиек етті.

"2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйегіне 600 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қыруар қаржы қайда кетті? Ол жөнінде толық дерек жоқ. Ашық көздерден алған мәліметке сүйенсек, 300 миллиард теңге автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген. 30 миллиард теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген, 29 миллиард теңгесі ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген. Ал 181 миллиард теңге қайда кеткені белгісіз! Сонда бүкіл жиналған қаржының 10%-і ғана утильге бағытталған ба?!", - дейді мәжілісмен.

Сондай-ақ ол жеке оператор активтерінің тағдыры қаулы жобасы бойынша түсініксіз екенін айтты. Өйткені жобада тек жарғылық капиталдағы үлесті беру жайлы айтылған. Ал ағымдағы шоттан ақшаны аудару туралы бір ауыз сөз жоқ.

Жаңа оператордың утилизациялық алымды қабылдай бастағаны да депутаттың көкейінде сұрақ туғызды. Себебі, айтуынша, қаулы жобасы осы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады және оның одан кейінгі тағдыры әлі белгісіз.

Утилизациялық алым ставкасын қайта қарау мәселесі де шешілген жоқ.

"Неге халықтан алынған утилизациялық алым есебінен көлік өндірісін дамытамыз? Бизнестің өзі инвестиция салмай ма? Утилизациялық алым тек ескі техникаларды залалсыздандыру үшін пайдалануы керек емес пе?", - деді ол.

Осыған байланысты депутаттар жеке оператордың қызметіне шұғыл тәуелсіз аудит жүргізуді, оның нәтижесін ашық ақпарат көздерінде жариялауды, тексеру нәтижесі бойынша жеке оператордың активтерін мемлекеттік операторға толық көлемде беруді қамтамасыз етуді талап етті.

Сонымен қатар есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға беру рәсімдерін аяқтағанға дейін утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды.

Бұдан бөлек, депутаттар утилизациялық алым есебінен көлік және ауыл шаруашылық техника өндірушілерін қолдауға тыйым салу, жұмыс тобына барлық тарапты, сондай-ақ мәжіліс депутаттарын да тарту, мемлекетке өткен операторды басқаратын кадрларды қайта қарау қажет деп есептейді.

Еске салсақ, жуырда президент үкіметке утилизациялық алым ставкасын қайта қарауды және "Оператор "РОП-тың" қызметін тоқтатуды тапсырды. Президенттің пікірінше, бұл жұмыспен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы қажет.

19 қаңтарда Қазақстан үкіметі "Оператор РОП" ЖШС-ның қызметін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Оның функциясын енді мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" АҚ орындайды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру