присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақстан ғалымдары түркілер тарихи шежіресінің бірлескен авторы атанды

21 желтоқсан 2021 12:47
Қазақстан ғалымдары түркілер тарихи шежіресінің бірлескен авторы атанды

Қазақстан, Қырғызстан және Ресей ғалымдарынан құралған халықаралық ұжым "Үлкен Алтайдың түркі әлемінің тарихи шежіресі" кітабының бірінші томын дайындау аясындағы жұмыстарды аяқтап жатыр. Ол VI-ХІ ғасыр аралығындағы түркі халықтарының өмірін сипаттауға арналған.

Ғалымдар барлығы бес том шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Алтай мемлекеттік университетінің (АлтМУ) "Үлкен Алтай" алтайтану және түркітану ғылыми-білім беру орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Авторлардың айтуынша, шежіренің бірінші томы 2022 жылдың басында шығады. Онда Үлкен Алтай ерте түркілерінің пайда болуы, Бірінші және Екінші Түркі қағанаттарының тарихы мен мәдениеті сипатталады. Сондай-ақ сарапшылар батыс түркілерінің мәдениетін, олардың жерлеу дәстүрі және ескерткіштерін де жеке-жеке зерттеді. Кітапқа Бұлғар патшалығы мен Хазар қағанаты туралы да бөлімдер кіреді.

"Бұл шын мәнінде Орталық Азиядағы түркі халықтарының тарихы туралы материалдарды жүйелеуге бағытталған ең ауқымды әрекеттің бірі болғандықтан, әріптестеріміздің жобасын жоғары бағалаймын. Шежірені дайындауға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Қытайдың жетекші ғалымдары қатысып жатыр. Жоба алып өлкенің түркі әлемін зерттеуге елеулі ғылыми үлес қосып отыр", - деді тарих ғылымдарының кандидаты, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің "Алтайтану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанна Әубәкірова.

Сарапшының айтуынша, бұл шежіре ғылыми білімді насихаттайтын және танымдық-ағартушылық сипатқа ие елеулі халықаралық ғылыми жоба болып отыр.

"Үлкен субөңірдің аумағын мекендеген қазіргі және ежелгі халықтардың тарихи-мәдени тамырының ортақтығын көрсету үшін түркі халықтары туралы біріктіруші шежірелер аса қажет. Осындай шежірелердің арқасында біз табиғи-климаттық, археологиялық, тарихи-демографиялық мәліметтермен танысуға мүмкіндік аламыз; түркі қоғамының әлеуметтік құрылымын, олардың саяси тәжірибесін және орасан зор аумақты игерудегі шаруашылық-мәдени тәжірибесін зерттейміз", - деді Жанна Әубәкірова.

Авторлардың айтуынша, түркі әлемінің тарихи шежіресі Орталық Азияның бірнеше еліндегі ғалымдардың көп жылғы бірлескен еңбегінің жемісі болады.

"Біз 10 жылдан астам уақыт бойы Томск, Новосибирск, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Қытай ғалымдарымен бірге түркі халықтарының тарихын, сонымен қатар славян-түркі мәдени және тарихи байланыстарын зерттеумен айналыстық. Біздің мақсатымыз - түркі, моңғол және алтай халықтарының тарихын, олардың славян әлемімен байланысын зерттеумен айналысатын Орталық Азия елдері ғалымдарын интеграциялау", - деді "Үлкен Алтай" алтайтану және түркітану ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі, профессор Сергей Землюков.

Алтай мемлекеттік университеті ғалымдарының жоспары бойынша жыл сайын шежіренің жаңа томы жарық көреді. Екінші кітап XIII-XVI ғасырлардағы түркілердің тарихына арналса, үшінші том XVI-ХХ ғасыр аралығындағы түркі әлемі мен Ресей империясының қарым-қатынасы туралы баяндайды.
"Тарихшылар, түркологтар, географтар және басқа да мамандардан құралған білікті топтың құрамында жұмыс істеуге мүмкіндік болса, біз келесі томдарды дайындауға атсалысуға әзірміз", - деді Жанна Әубәкірова.

"ХХ ғасырдағы КСРО және "Түркі әлемі" тақырыбына жеке том арналады және соңғы бесінші том "ХХІ ғасырдың басындағы Ресей және Түркі әлемі" деп аталады. Келесі томдарды дайындауға Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия ғалымдары тартылады.

Бес томдық шежіре Ресей ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Алтай мемлекеттік университетінде "Үлкен Алтайдың түркі-моңғол әлемі: тарих пен қазіргі замандағы бірлік пен көптүрлілік" жобасы аясында басылып шығады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру