Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы - табысты мемлекеттің теңдессіз мысалы
Біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның конфессияаралық келісім саласында қандай жетістіктерге қол жеткізгенін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының (Орталық) төрағасы Болат Серғазыұлы Сәрсенбаевтан сұрадық.
Болат Серғазыұлы, біздің республикамыздағы конфессияаралық келісімнің қазақстандық жолы және оның жетістігі жайлы айтып беруді сұраймыз.
- Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің жетістігі Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтарын құру мен оны насихаттаудың арқасында орын алды. Ел басшылығының дана саясатының арқасында Қазақстанда әртүрлі мәдениеті, тілдері мен дәстүрлері бар 130-дан астам этнос пен 18 діни конфессия достық пен үйлесімде өмір сүруде.
Діни қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат әрқашан ар-ождан мен діни сенім бостандығын заңнамалық және институционалдық негізде қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның барлық діни ағымдарға қатысты толеранттық қағидаттарын әрдайым ұстанатынын және олар өз кезегінде елдің дамуына өз үлесін қосатынын тағы да дәлелдейді.
Сондықтан еліміздің басты стратегиялық ресурсы этносаралық және конфессияаралық келісім, жалпыұлттық бірлік пен толеранттық болды және болып қала береді. Осының арқасында Қазақстан өзінің жетістіктерінің тарихымен бөлісе алады.
–Болат Серғазыұлы, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында діндер мен өркениеттер үнқатысуының жаһандық орталығына қалай айналды?
- Сөз жоқ, еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жоғары мәртебесі көбінесе Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді бітімгершілік қызметінің нәтижесінде қалыптасты. Халықаралық диалог жүргізудің қазақстандық стилі - бұл сындарлы тәсілдеменің және ойластырылған шешімдердің жақтаушысы болған Елбасының жеке қасиеттерінің көрінісі деп айтуға болады.
Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз шын мәнінде көпконфессиялы қоғамға айналып, достық пен рухани жақындық қатынастарын орната алған халықтардың бірге өмір сүруінің бірегей тәжірибесін жинақтады.
Нәтижесінде Қазақстан өзінің ішкі жетістіктерін халықаралық аренада дәріптей білді, олардың ішінде еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі, Сирия бойынша Астана процесі және Иран келіссөздері бойынша халықаралық диалог алаңдарын ұйымдастырудың бастамашысы болды.
Сондықтан, Қазақстанның халықаралық аренадағы діндер мен өркениеттер үнқатысуының шын мәніндегі жаһандық орталығына айналғанын нық сеніммен айтуға болады.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәйекті саясатының арқасында Қазақстан мәдениеттер, діндер, өркениеттер диалогына бағытталған бастамалар мен іс-қимылдарды қолдауды жалғастыруда және осы саладағы кең және тиімді ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін білдіруде.
- Қазақстан басқа елдерге осы конфессияаралық диалог пен келісім саласында қандай үлгі көрсете алады?
- Қазақстанның этномәдени және конфессиялық саналуандығы - бұл қазақстандықтарға басқа халықтармен құнды мәдени жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік беретін үлкен байлық, барша қоғамымыздың ортақ игілігі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрметтей және қолдай отырып, Қазақстан халқы заманауи зайырлы мемлекет құруда.
Бүгінде Қазақстан түрлі діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің бай, тарихи баға жетпес тәжірибесіне ие болды. Әлемде туындап отырған этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар аясында конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайтудағы бірегей қазақстандық тәжірибе жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды.
Сондықтан, мемлекетіміздің астанасы-Нұр-Сұлтанның әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты кездесу орны мен сұранысқа ие болған диалог алаңына айналуы кездейсоқ емес. Әлемдік қоғамдастықтағы діни лидерлерінің өзара диалогындағы шешуші және маңызды орынды дін мен оның рухани құндылықтары алатыны белгілі.
– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізудің негізгі рөлі неде?
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын. Басты миссия-жалпы адамзаттық бағдарларды іздеу және діндерді, мәдениеттер мен халықтарды жақындастыру болып табылады. Бұл ойды христиан, мұсылман, еврей, буддист және басқа діни бірлестіктердің өкілдері белсене қолдады. Шын мәнінде, сол кезде Съез отырыстары аралығындағы қызметті қамтамасыз ету мақсатында Хатшылықты оның жұмыс органы ретінде құру туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы болып табылады.
Әлемде өзге де диалог алаңдары жұмыс істейді, алайда біздің Съезіміздің ерекшелігі, біріншіден, оның ауқымында екенін атап өту қажет. Съезд діни бағыттардың кең құрамды екенімен бағалы. Екіншіден, Съез жұмысына әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары, әрдайым бірінші қатардағы адамдар емес, бірақ өз конфессияларының қызметінде тікелей шешім қабылдайтын ықпалды адамдар қатысады. Саяси көшбасшылар, мемлекеттер мен БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар басшыларының жоғары деңгейде қатысуын атап өтпей тұра алмаймыз.
Келесі Съезге Рим Папасы Бенедикт пен православие шіркеуінің Патриархы Кирилл қатысады деп жоспарлап отырмыз. Қатысушылардың жоғары құрамы Исламнан да ұсынылды. Қазіргі кезде VII Съезге қатысушыларды шақыру жұмыстары жүргізілуде.
Съез идеясы өзінің өзектілігін жоғалтпайтынын атап өткім келеді және оны форумға қатысушылардың тақырыптары, секциялары мен географиясының кеңеюінен көруге болады, егер I Съезге 17 елден өкілдер қатысса, келесі жылы әлемнің 70-тен астам елінен қатысушылар келеді деп жоспарлануда.
– Сіз басқарып отырған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы қызметінің бағыттары туралы айтып берсеңіз?
- Біздің Орталық 2019 жылы құрылған. Осындай Орталықты құру идеясы 2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде айтылды. Съезге қатысушылар Орталықты халықаралық деңгейде бейбітшілік пен келісімді сақтауға және қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы ұсыныс білдірді.
Құрылғанының алғашқы күндерінен бастап Орталық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларын ілгерілетуге, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың конфессияаралық диалогты дамытудағы дәйекті саясатын іске асыруға және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін танымал етуге белсенді түрде кірісіп кетті.
Бұдан басқа, біз халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі жаңа бастамаларды іске асыруда отандық және халықаралық әріптестердің ынтымақтастық желісін кеңейтуді жалғастырудамыз. Ынтымақтастық туралы меморандумдарды түзу кезінде біз формализмді болдырмай, әрбір меморандумға практикалық түрде екі тараптан да орындалатын және қызығушылық тудырған тармақтарды кіргізуге тырысқанымызды атап өтемін. Мысалы, жақында біз ҚР Ұлттық музейімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойдық, оның аясында келесі жылы Қазақстанда діннің пайда болу тарихы жайлы экспозиция дайындауды жүзеге асырамыз. Қазақстанның бай тарихын ескере отыра осындай экспозицияның сұранысқа ие болатынына кәміл сенемін және оны Съез қатысушыларының назарына ұсыну жоспарымызда бар.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы біздің Орталық Елбасының бастамалары мен Съездің мақсаттарын ілгерілету мақсатында Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп, отандық және шетелдік сарапшылардың, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, Съез делегаттарының қатысуымен Еуропа мен Азияның ірі қалаларында халықаралық дөңгелек үстелдер өткізеді.
Жыл соңына дейін біз Ереван, Будапешт және Куала-Лумпурда бірқатар дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің әріптестермен бірлесіп өткізген отырыстар немесе діни тақырып бойынша басқа да халықаралық конференцияларға, семинарларға, көрмелерге қатысқан іс-шараларға жатпайды.
Әртүрлі елдерден келген серіктестер мен Съезге қатысушылардың белсенділігінің арқасында біз ислам, христиан, буддизм және иудаизм туралы бірнеше фото-көрмелер өткіздік.
- Пандемия Съез дайындығына қалай әсер етті?
- Пандемия 2021 жылы өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезінің өтпеуінің басты себептерінің біріне айналды.
Карантиндік іс-шаралардың қатайғанына байланысты бізге Орталықтың жұмысын қайта құруға және онлайн-режимі шеңберінде іс-шараларды өткізуге тура келді.
Сонымен қатар, елде карантин жеңілдегеннен кейін өткізілген алғашқы офлайн іс-шараларының бірі - Съезд Хатшылығының кезекті XIX отырысын өткізу болды.
- Сіз мол дипломатиялық тәжірибеге иесіз және ол сізге Орталықтың қызметін атқаруда қалай көмектеседі?
- Жалпы, мен дипломатиялық карьерамды қазіргі Орталықтағы лауазымыма дайындық ретінде қарастырамын. Ол маған әлемдік діндерді зерттеуге мүмкіндік берді. Мен Қытайда, Израильде, Үндістанда, Грекияда және ислам, христиан, буддизм, иудаизм және даосизм сияқты діндер қалыптасқан Таяу Шығыс елдерінде жұмыс істедім. Өз қызметімнің түрі мен қызығушылығым бойынша осы елдердің мәдениеті мен дінін кітаптар арқылы да, діни қайраткерлермен және сарапшылар қауымдастығымен кездесулер арқылы да зерттеуге тура келді.
Маған Орталықты басқаруды ұсынған кезде, шын мәнінде, мен іштей дайын болдым, әлемдік діндердің тарихын білетінмін және осы діндердің өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәжірибесі болды. Әсіресе, Хатшылық пен Съезд алаңында шетелдік достарың мен әріптестеріңді көргенің аса қуаныш сезімін тудырады.
– Қазіргі Қазақстанның тағдыры Елбасының тұлғасымен тығыз байланысты. Оның рөлін қалай бағалайсыз?
- Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз елі мен бүкіл әлем үшін Дәуірдің Тұлғасы бола отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы өзінің теңдессіз жауапкершілігімен ерекшеленеді. Елбасы қуатты қоғамның ұйыстырушысы, Қазақстанның жан-жақты және сенімді өсуінің конституциялық кепілі болды. Халық мойындаған және еліміздің Конституциясы бойынша ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы болып табылады. Реформатор ретінде танылған көшбасшы факторы осы жылдар ішінде елімізде жүзеге асырылған барлық өзгерістердің қайнар көзі мен қозғаушы күші болды.
- Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл оқиға сіз үшін нені білдіреді?
- Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы - табысты мемлекеттің теңдессіз мысалы. Біз кең ауқымды ұлтаралық қақтығыстар мен дінаралық қайшылықтардан аулақ болдық. Жас қазақстандықтардың қазіргі буыны социалистік экономикадан нарықтық экономикаға өтудің «барлық жақсылықтарын», азық-түлік тауарларының жетіспеушілігін, білікті мамандардың тапшылығын сезген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын аса білмейді. Елімізде заңнама, қаржы және банк жүйесі сияқты көптеген саланы жаңадан құрып, аяққа тұрғызуға тура келді.
Өткенге көз жүгіртер болсам, мен өз өмірімде көп нәрсені өзгертуге мәжбүр болдым және елде пайда болған жаңа өзгерістерге бейімделу мен қоғам, мемлекетке пайдалы болу мақсатында қосымша білім алып, шеберлігімді ұштауға тура келді.
Уақыт пен мән-жайлардың қиыншылықтарына қарамастан, біз бүгінде экономикада, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін көтеруде белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Ия, әлі көп нәрсені шешу керек, бірақ біз дұрыс жолдамыз. 30 жыл - бұл көп те, аз да емес, өзге елдерге біздің биіктерімізге жету үшін бізге қарағанда әлдеқайда көп уақыт қажет болды.
Өзімнің дипломатиялық қызметім мен жұмыс іссапарлары шеңберінде көптеген елдерді араладым және Еуропа елдері азаматтарының өмірі мен тұрмысын еріксіз салыстыра отырып, біздің көптеген салаларда, әсіресе, цифрландыруда үлкен табыстарға қол жеткізгенімізді атап өтпекшімін. Бәрі салыстыру арқылы танылады.
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қазақстандықтарға тілегіңіз?
- Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және табыс, сондай-ақ елдің пандемиядан кейінгі кезеңінен тезірек шығуын тілеймін.
Сұхбат үшін рахмет!
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ