Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты мақұлдады
Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.
Айта кетері, осы құжат 2020 жылы 16 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында рәсімделген болатын. Оны ратификацияланғаннан кейін 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы қолданыстағы шарт өз күшін жояды.
Жаңа құжаттың негізгі нормалары мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Соның аясында әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша әскери ынтымақтастықты жүзеге асыру, сондай-ақ, екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың басқа бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасау жоспарланған.
Шарттың басты бағыттары:
жедел және жауынгерлік даярлық;
бітімгершілік қызмет;
әскери білім және ғылым;
әскерлердің қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету;
екі жақты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру.
Сондай-ақ, осы құжат мәдениет, спорт сияқты салаларда және әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттарында әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ