присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Еңбек министрлігі зейнетақы жинағының жеткілікті шегіне қатысты мәлімдеме жасады

08 желтоқсан 2021 11:03
Еңбек министрлігі зейнетақы жинағының жеткілікті шегіне қатысты мәлімдеме жасады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшеріне қатысты мәлімдеме жасады. 
 
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылға бекітілген ең төменгі жеткілікті шекке қатысты қазіргі заңнамаға да, тиісті нормативтік актілерге де ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Барлық есеп-қисапты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жасаған", - делінген ресми хабарламада.
 
Осы орайда министрлік мамандары "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңдағы ең төменгі жеткілікті шектің анықтамасын еске салды. Бұл – салымшының ай сайынғы 10 проценттік салымын ескере отырып, болашақта оған минималды зейнетақыдан кем түспейтін зейнетақы төлеуге жағдай жасайтын шекті мөлшер. 
 
Ал Халықаралық еңбек ұйымы салымшы табысының 40 процентінен кем түспейтін зейнетақымен қамтамасыз етуге кеңес беріп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы ұсыныстың негізінде зейнетақы жинағының ең төменгі шегін анықтау әдістемесін әзірлеген болатын. Оған нақты көрсеткіштер кіреді. Олар:   
 
БЖЗҚ табысының жылдық проценттік мөлшерлемесі;
БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемін индекстеу мөлшерлемесі;
ең төменгі зейнетақы мөлшерін индекстеу мөлшерлемесі;
ең төменгі жалақы мөлшері, жыл сайынғы индекстеумен бірге;
ең төменгі күнкөріс деңгейі, индекстеумен бірге, онымен минималды базалық зейнетақыны есептейді;
міндетті зейнетақы жарнасының болжамды жиілігі;
зейнетақы төлемін аударудың бастапқы және шекті жасы.
"Айта кеткен жөн, осы көрсеткіштердің біреуі өзгерсе, ең төменгі жеткілікті шек қайта есептеледі. Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әдістемені бекітердің алдында бірнеше рет (2020 жылы қыркүйек пен желтоқсан аралығында) жеткілікті шек жыл сайын қайта қаралатынын хабарлаған", - дейді министрлік қызметкерлері.
 
Әдістеме 2021 жылы 6 қаңтарда үкімет қаулысымен бекітілді. Ал "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға сәйкес, зейнетақы жүйесі саласындағы саясатты іске асыру, соның ішінде министрлік әзірлеген әдістеменің негізінде жеткілікті шекті есептеу жұмысына БЖЗҚ жауапты.
 
Заң бойынша бірыңғай оператор халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге тікелей міндетті. Сол себепті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ондай құзірет жоқ, сондай-ақ БЖЗҚ есептеген жеткілікті шектің дұрыстығын қандай да бір жолмен растауға мүмкіндік беретін ақпарат алмайды.
0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру