Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтерді
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайыздан 16 пайызға көтерді
25 шілдеден бері базалық мөлшерлеме 14,5% болып келді.
«Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 17%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 15% болады», - делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.
Ұлттық банк мөлшерлеменің артуын өсіп отырған инфляциялық қысымды көрсететін факторларға байланыстырды.
«Қыркүйек нәтижесі бойынша инфляция болжамнан айтарлықтай асып түсті. Шешім қабылдауға негізгі факторлар жоғары инфляциялық күтулер, орнықты сұраныс, фискалдық серпін, тұрақты тауар жеткізу жолдарына қайта бағыттауға байланысты өндіріс шығасыларының өсуі, сыртқы инфляцияның жалғасып отырған әсері, оның ішінде сақталып отырған Ресей рублі бағамының күшеюі болды. Жоғарылаған инфляциялық күтулер баға мен тұтынуға қысым жасайды. Мұның бәрі 2023 жылы инфляциялық процестердің бақылануын сақтау үшін барынша қатаң ақша-кредит талаптарын қажет етеді», - делінген ақпаратта.
Базалық мөлшерлемені арттыру экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігіне қолдау көрсетіп, ішкі валюта нарығындағы теңгерімге ықпал етіп, 1-2 жылдық кідіріспен әсер етеді.
«2022 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляция болжанған көрсеткіштен айтарлықтай ауытқып, 17,7% құрады. Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағаның орнықты өсуі байқалады. Тұтыну бағаларының маусымдық сипатты есептемегендегі шілдеде өсуі баяулағаннан кейін ол соңғы айларда айтарлықтай жеделдеді. Қыркүйекте жылдық көрсеткіш 26,8% (2022 жылдың шілдесінде – 17,7%) болды. Базалық инфляция жылдық мәнде 19,7%-ға жетіп, жоғары деңгейде қалыптасып жатыр. Бұл экономикада ұзаққа созылған жоғары инфляциялық аяны қалыптастыру тәуекелін көрсетеді», - делінген ақпаратта.
Ұлттық банктің хабарлауынша, халықтың және кәсіби макроэкономистердің инфляциялық болжамдары едәуір өсті. Халық тарапынан алдымыздағы бір жылға күтілетін инфляцияның медианалық бағасы 2022 жылдың қыркүйегінде 16,9%-ға дейін өсті. Халық тарапынан бағаның болашақта өсуін бағалау көбінесе азық-түлік өнімдері бағасының күтілетін өзгеруіне, сыртқы оқиғаларға және айырбастау бағамының өзгерістеріне байланысты. Инфляциялық күтулердің өсуі қысқа мерзімді сипатқа ие көші-қон өзгерістері аясында болды.
Айта кетейік, 2022 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төрт рет көтерді.
Ең алдымен қаңтарда 10,25%-ға көтерген. Шілдеде 14,5% болды. Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2022 жылдың 5 желтоқсанында жарияланады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ