присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндіріледі

17 қазан 2023 10:50
Үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндіріледі

Қазақстанда үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндіріледі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Министр бүгінде статистика көңіл көншітпейтінін жеткізді.

Соңғы 4,5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу жіті назарымызда, - деді Аида Балаева Үкімет отырысында.

Біріншіден, отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.

«Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды.

Тек осы жылдың басынан бастап 100 мыңнан аса кеңес берілді. Дегенмен бүгінде орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік бірыңғай тұжырымдама жобасын әзірлеп жатыр», - деді министр.

Екіншіден, профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осылайша, үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндіріледі.

«Осыған орай БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірлерге енгізуді қолға аламыз», - деді ол.

Аида Балаева жыл соңына дейін «Бақытты қазақстандық отбасы» интерактивті нұсқаулық әзірленетінін атап өтті.

Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар «Электронды үкімет» жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс, - деді министр.

Үшіншіден, әлеуметтік жобаларды іске асыру маңызды болып саналады.

«Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңге болатын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға (үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтарының қызметін қаржыландыру), 25%-ы жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, 10%-ы халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15%-ы жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға, 10%-ы басқа бағыттарға жұмсалып жатыр», - деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министрлік гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда.

«Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыс деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту.

Біз ең алдымен мамандардың біліктілігін арттыруды ерекше назарға алдық. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ 5 облыстың учаскелік инспекторлары агрессорлармен жұмыс істеу бойынша оқу курстарын аяқтады. Екінші кезеңде агрессорларға психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастырылды», - деді ол.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру