2050 жылға қарай халқымыздың тең жартысы оңтүстік өңірлерде тұратын болады – Тамара Дүйсенова
Елімізде демографиялық баланс реттелмесе, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының тең жартысы оңтүстік өңірлерде тұратын болады. Бұл – Алматы, Шымкент мегаполистерін қоспағандағы болжам. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бүгін Сенатта өткен үкімет сағатында айтты.
Вице-премьер демографияны тек халықтың өсімі мен құрамын анықтау құралы ретінде ғана емес, экономиканың тірегі ретінде қарау қажет екенін айтты. Сондай-ақ 1930 жылдардан кейін Қытайда басталған «бэйби-бум» жағдайын мысалға келтірді.
«Бұл мемлекетте 1970 жылдардан бастап жастардың жаппай еңбек нарығына енуіне әкелді. Соған байланысты демографиялық бонус алуына мүмкіндік берді. Бұл бонус Қытай экономикасына бірқатар динамика алып келді. Біріншіден, жас жұмысшылардың еңбек нарығына енуі Қытайды сол кезде «әлем шеберханасына» айналдырды. Екіншіден, жұмыс істейтін халықтың едәуір бөлігінің жұмыс істеуі, қаражат болуы, банктерде депозитінің көбеюі сол елдің бизнесіне және елдің инфроқұрылымына жаңа инвестиция алып келуіне мүмкіндік беріп, жалпы елдің экономикасына оң әсерін тигізді», - деді вице-премьер.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, егер дұрыс тәсілдер қолданылса, Қазақстанның да қазір дәл сондай демографиялық бонус алуына мүмкіндік бар.
Бірақ қауіп-қатер де жоқ емес. Біріншіден, демографиялық дисбаланс. Министрдің айтуынша, сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай халқымыздың 50%-ы Алматы мен Шымкентті қоспағанның өзінде оңтүстік өңірлерде тұратын болады. Ал солтүстік өңірлерді мекендейтіндердің үлесі бұдан әлдеқайда төмендеуі мүмкін.
«Экономикалық дисбаланс жөнінде де айтқым келеді. Жалпы, халықаралық тәжірибеде халық қай өңірде көп тұратын болса, сол жерде шығарылатын өнім де жоғары, еңбек өнімділігі де жоғары болу керек. Бірақ біздің елде ерекше жағдай. Оны да айта кетуіміз керек. Бізде бүгінде халқымыздың 38%-ы (Алматы қаласын есептемегенде) оңтүстік өңірлерде тұрады. Бірақ олар жалпы ішкі өнімнің 17%-ын ғана беріп отыр. Ал солтүстік өңірлерде халқымыздың 22%-ы ғана тұратынына қарамастан, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 28%-ды құрап отыр. Сондықтан Үкіметтің алдағы жұмысында ең негізгі қарайтыны – экономиканы әртараптандыру», - деді Тамара Дүйсенова.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл мәселе жалпы мемлекет деңгейінде қаралады әрі оны әр өңірдің экономикалық потенциалына қарай жүзеге асыру мәселесі қазір Үкіметтің күн тәртібінде тұр.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ