«Адам басына 10 мың доллардан сұрады». СІМ Таиландта құлдықта болған екі қыздың құтқарылғанын айтты
Қазір Қазақстаннан тыс елдерде 100-ге жуық отандасымыз құлдықта жүр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«Соңғы екі жылда Таиландпен шекарада орналасқан Мьянма, Лоаста 200-ге жуық Қазақстан азаматы еңбек құлдығына түскен. Елшіліктің жәрдемімен Мьянма мен Лоас аумағынан 28 қазақстандық шығарылды. Сондай-ақ 60-қа жуық Қазақстан азаматы елшілікке жүгінбей өз күшімен елге оралды. Қазір жоғарыда аталған елдің аумағында 100-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығында отыр деген ақпарат бар», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, Айбек Смадияров Таиландта құлдықта болған Қазақстанның екі азаматы (екі қыз – ред.) құтқарылғанын айтты.
Биыл қаңтар айының соңында Таиландағы консулдыққа «Мен Қазақстанның азаматымын, джунглидің ішіндемін, қай мемлекет екенін білмеймін... Құлдыққа түсіп қалдым, көмектесіңіздер» деген хабарлама түсті. Осылайша, екі Қазақстан азаматы алданып, «алтын үшбұрышта» құлдыққа түсіп қалған, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазақстандық екі қыздың жоғары білімі бар және олар табысы көп жұмыс іздеп барған.
«Бір қызығы, екеуінің де жоғары білімі бар, бірнеше тіл біледі. Олар интернеттегі хабарламаны көріп, алданып қалған. Сөйтіп, Таиландқа жұмыс істеуге барған.
...Адам басына 10 мың доллардан ақша сұрады. Олардың өзінде де, туыстарында да ақша болмаған. Жергілікті билікпен бірлесіп, бір ай ішінде екі қызды құтқардық. Қазір олар Қазақстанға ұшып келе жатыр. Ақша талап еткен шетелдіктерге бір тиын да берген жоқпыз», - деді СІМ ресми өкілі.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ