присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ мектебі ашылады

15 қараша 2022 09:52
АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ мектебі ашылады
АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ мектебі ашылады. Себебі, баласына ана тілінде білім бергісі келетін ата-аналар қатары жыл санап артып келеді дейді осындағы қазақ белсенділері. Жат жұртта қазақы тамырынан айырлып қалмас үшін қазақ американ қауымдастығы тағы қандай шараларды қолға алмақ?

Вашингтон қазақтары араға үш жыл салып қайта басып қосып отыр. Себебі, бұған дейін пандемия кедергі болды. Ал, мұндай кездесу тек табиғат аясында дем алып, көңіл көтеру үшін ғана емес, бір біріне сүйеу болу үшін аса қажет. Өйткені, жастарды еріксіз елітіп әкететін мульти мәдениетті америка қоғамында қазақы болмысты сақтау қалу өзекті мәселе, деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.

Қазір қарап отырсақ бес, алты жасқа келген балалар бар. Қазақ тілін оқимыз деп жатыр. Қазақстаннан оқулық әкеліп жатырмыз. Тілді сақтау үлкен мақсат біздің. Тілді, дәстүрді сақтау. Ертең біз қазақпыз, біз Отанымыз жоқ, тамырымыз жоқ емес, еліміз бар, тамырымыз бар, дәстүріміз бар деп сондай балалар өссін деп ойлаймыз, дейді Қазақ-американ қауымдастығының жетекшісі Дархан Нұрмаханбет.

Қазақ тілді мектептен бөлек, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін белсенділер домбыра үйірмесін ашып, «Балауса» деген хор да құрмақ. Осындағы қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтауға Қазақстан елшілігі де мейлінше қолдау білдірміз деп отыр.

«Отандастар» қорымен құрып жатқан біраз жоспарларымыз бар. Қазақтың Америкадағы ең үлкен шаңырағы біздің Елшілік деп білеміз. Әркімге біздің айтар сөзіміз, әр қазағым жалғызым деп қараймыз», - дейді Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев.

Жалпы, АҚШ-та алпысыншы жылдары небәрі жиырмаға жуық қазақ отбасы болса қазіргі таңда қатары еселіп өсіп, саны 100 мыңға жуықтаған. Оның бір бөлігі Түркия, Моңғолия, Қытай секілді мемлекеттерден келген қандастар. Қазақ диаспорасы көп шоғырланған жер Нью-Йорк. Одан кейінгі орында Маями, Лос-Анжелес пен Чикагода қалалары тұр.

Эммиграцияға кету, шетке кету барлық жұртта бар. Қазақта да оны ешкім тоқтата алмайды. Бұны жақсы деп те жаман деп те айтуға болмайды. Бұл табиғи нәрсе, табиғи жағдай. Ең бастысы шетке кеткен қазақтар өзінің тілін сақтау керек. Дәстүрін, салтын сақтау керек. Балаларын қазақы рухта тәрбиелеу керек, - дейді Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин.

Жалпы, Америкадағы кейбір диаспоралардың лоббиі алпауыт елдің ішкі ғана емес сыртқы саясатына да тікелей әсер етіп жатыр. Әзірбайжан Армян арасындағы жағдай соның бір көрінісі болса керек. Сондықтан мұндағы қазақ қауымдастығы да Қазақстан мүддесі үшін жұмыс істейтін қуатты күшке айналып жатса құба құп.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру