Акушерлер жаңа туған нәрестені сатқаны үшін сотталды
Жамбыл облысында перзентхананың екі акушері жаңа туған нәрестені сатқаны үшін сотталды.
Сотта анықталғандай, 2022 жылдың қарашасында жәбірленуші жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату мақсатында аурухананың перзентхана бөлімінің акушеріне хабарласқан. Жәбірленушінің жүктілігін отбасынан жасырғанын түсінген ол өзінің әріптесінен босанғаннан кейін баланы сатуға көмек сұраған.
Өзінің қылмыстық ниетін іске асыру үшін акушерлер жәбірленушіні алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жаңа туған нәрестені басқа азаматқа 1,5 млн теңгеге сатқан.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен объективті расталды, – делінген сот хабарламасында.
Сотталушылар кінәларын ішінара мойындады. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ ҚР ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің жазалау шегін шектейтін талаптарын ескере отырып, сотталушылар 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тараз қаласында жаңа туған сәбилерді сатумен айналысуы мүмкін деген күдікке ілінген медицина қызметкерлерінің қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ