Алматыда жастарға бизнес ашуға 4,8 млрд теңге бөлінеді
Алматыда жастарға кәсібін ашуға 4,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясы Алматы қаласы бойынша директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Әйкен Сейтқас айтты.
Оның айтуынша, биыл наурыздан бастап 21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5%-бен жеңілдетілген несие беріледі.
Жалпы, Қазақстан бойынша 28,9 млрд теңге бөлінді. Оның 4,8 млрд теңгесі Алматы жастарына беріледі. Бұл қаржыны мыңға жуық кәсіпкер мен жас алуы керек. Алматы бойынша 200 кәсіпкер мен жастарға кеңес беріліп, 20 кәсіпкердің өтініші қабылданды. Оның төртеуі комиссия қарауына жіберілді, - деді Әйкен Сейтқас өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жеңілдетілген несие алу үшін 5 жыл жеке кәсіппен айналысу керек.
Шағын несиенің көлемі – 5 млн теңгеге дейін. Мал шаруашылығы жобаларына – 7 жылға дейін, ал бизнестің басқа бағыттарына – 5 жылға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған, - деді орынбасар.
Жастар несиені алу үшін кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қоюға міндетті. Ол болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде үшінші тұлғаларды тартуға (ата-ана, туыс және тағы басқа) болады.
Несиені беру туралы шешімді қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, бизнес-қоғамдастықтардың және БАҚ өкілдері кіреді.
Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия алдына ұсынады. Болашағы бар жобаларды комиссия таңдайды, - деді Әйкен Сейтқас.
Алматы жастары 2,5%-дық несиені алу үшін төмендегі құжаттарды тапсыруы керек:
Жеке басын куәландыратын құжат;
Жоба бойынша бизнес-жоспар;
Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтамалар;
Қаржы ұйымдарынан (несие болған кезде) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама;
Қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табысын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан көшірме);
Кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;
Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжат.
Оларды қайда тапсыру керек?
Өтініш пен құжаттар Алматы қаласы, Сәтпаев, 5 көшесінде орналасқан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалында қабылданады. Ал шағын несие туралы толық ақпаратты корпорацияның agrocredit.kz сайтынан алуға болады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ