присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Алты өңірінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен оңалту орталықтары ашылады

01 наурыз 2023 14:57
Алты өңірінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен оңалту орталықтары ашылады

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша қордың Қамқоршылық кеңесі мынадай шешімдер қабылдады:

1. Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында 6 оңалту орталығын ашу және жарақтандыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді оңалту көмегімен қамтамасыз етуге бағытталған «QH Оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы бекітілді.

Мүмкіндігі шектеулі 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар – көмек алушылардың нысаналы тобы.

Жобада Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктері инфрақұрылым мен кадрларды іріктеу, сондай-ақ орталықтарға жөндеу жүргізу бөлігінде қатысады. Бүгінде өңір әкімдіктері барлық оңалту орталықтары үшін инфрақұрылымды іріктеуді аяқтады.

«Қамқорлық қоры» корпоративтік қоры «Қазақстан халқына» қорының серіктесі ретінде жобаны іске асыру жөніндегі іс-шараларды үйлестіруді, оның ішінде қажеттілікті анықтауды, жеткізушілерді іріктеу бойынша конкурс өткізуді, жабдықтарды, техника мен жиһаздарды жеткізуді мониторингілеуді қамтамасыз етеді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры сомасы 1 447 270 860 теңге мөлшерінде орталықтарды оңалту жабдықтарымен, техникамен және жиһазбен жарақтандырады.

Оңалту орталықтары жұмыс істеп тұрған мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының құрамында жұмыс істейді. Медициналық оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіледі.

2. Қордың «Тұсаукесер» қайырымдылық жобасын қаржыландыру мерзімі 1 жылға ұзартылды. Жоба аясында Семей, Алматы, Шымкент, Атырау, Астана қалаларында «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәжірибесі негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған еліміздің 5 өңірінде 5 дене шынықтыру-сауықтыру үйірмесі ашылды. Қаржыландыру бюджеті – 46 млн теңге. Балаларға арналған сабақтар тегін өткізіледі.

3.Қамқоршылық кеңестің мүшесі Юрий Пяның бастамасымен негізгі жұмыстағы жүктемеге байланысты Қамқоршылық кеңес осы жылдың 1 наурызынан бастап оның өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.

 «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі болуға сенім білдірген үшін ризашылығымды білдіремін. Бір жыл ішінде қор еліміздің көптеген азаматына, соның ішінде медицина және денсаулық сақтау бағытында қолдау көрсетті. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласында 20-дан астам бағдарлама мен жоба қабылданып, жүзеге асырылуда. Кәсіби кардиохирург және басшы ретінде жұмыс қажырлы күш пен уақытты талап ететіндіктен, бар назарымды негізгі қызметіме аударамын деген шешім қабылдадым, – деп атап өтті Юрий Пя.

Юрий Пя – Қазақстанның Еңбек ері, «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы, Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық операциялар, соның ішінде жүрек пен өкпе трансплантациясын жасаған аты әлемге әйгілі дарынды кардиохирург, беделді тәлімгер және ғылым қайраткері.

Қамқоршылық кеңестің төрағасы ретінде Юрий Пя Қордың міндетін, қызметінің стратегиялық бағыттарын, басым бағдарламалары мен жобаларға қағидаттары мен тәсілдерін айқындауға, жалпы «Қазақстан халқына» қорының институционалдық қалыптасуының бастапқы, жауапты кезеңінде елеулі үлес қосты.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру