присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Астанада көлік кептелісі болса, демек даму бар деген сөз – Көлік вице-министрі

20 маусым 2024 12:54
Астанада көлік кептелісі болса, демек даму бар деген сөз – Көлік вице-министрі

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Астана тұрғындары мен қонақтарын көлік кептелісіне түсіністікпен қарауға шақырды.

Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистердің бірі министрдің орынбасарына «Астана қонақтары мен тұрғындары күннің ыстығында неге көлік кептелісінде тұруға мәжбүр? Сол жағалауға қараңызшы. Жол жөндеу жұмыстары дұрыс жоспарланбаған ба?» деп сұрақ қойды.

Мақсат Қалиақпаров бұл мәселеге әкімдік жауап беретінін жеткізді.

«Жол құрылысы министрліктің нормативтік құжаттары арқылы реттеледі. Бірақ жол құрылысын жергілікті әкімдіктер жүргізеді.

Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы бар. Олар мұның бәрін жоспарлап отыр, ГАСК бар. Биыл немесе былтыр Астананың дамуы кеңінен талқыланды. Жиынға журналистер мен тұрғындар қатысты», - деді вице-министр.

БАҚ өкілі «Бұдан нәтиже бар ма? Бәріміз көлік кептелісінде тұрмыз» деп сұрағын нақтылады.

Көлік кептелісі жоспардағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты туындап отыр. Егер көлік кептелісі болса, даму болады. Даму дегеніміз жақсы ғой. Сіздің сұрағыңызға жергілікті атқарушы билік жауап береді деп ойлаймын, - деді Мақсат Қалиақпаров.

Еске салайық, биыл 14 маусымда Астанада жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты астаналықтар сағаттап көлік кептелісінде тұруға мәжбүр болды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру