присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Астанадағы блэкаут: 100 мың тұрғын жарықсыз қалған

30 қазан 2023 16:35
Астанадағы блэкаут: 100 мың тұрғын жарықсыз қалған

Елордада кеше 100 мың адам жарықсыз қалды. Бұл туралы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов айтты.

Ол қаланың бір бөлігі жарықсыз қалғанын атап өтті.

Электр қуатының 30 минут болмауы да көп уақыт. Астанада жарықты тұтынатын 500 мыңнан аса абонент бар. Соның шамамен 100 мыңы жарықсыз қалды. Қаланың шамамен 20%-ында электр қуаты болмады. Барлық шара қабылданды, - деді Сұңғат Есімханов қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов төтенше жағдайдың неден болғанын түсіндірді.

Кеше кешкі сағат 21:57-де қаланы жарықпен қамтамасыз ететін 10 подстанция істен шықты. Салдарынан негізінен Астананың оң жағалауы электр қуатынсыз қалды. 23:00-де аэропорттағы подстанция іске қосылды. Содан кейін сағат 23:10-да Байтеректегі подстанцияға электр қуаты берілді. Түнгі 2:00-ге дейін барлық подстанция жұмыс істеді, - деді ол.

Нұрлан Нұркенов қаладағы №2 жылу электр орталығында техникалық ақау болмағанын атап өтті.

«№2 ЖЭО штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Апат электр желілерінде болған. Қарапайым сөзбен айтсақ, кабель үзіліп, шкафтардың бірі жанған. Бұл – штаттан тыс жағдай. Апаттың салдары 5 сағатта жойылды. Түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр энергиясы берілді», - деді орынбасар.

Сондай-ақ ол кейбір ауруханаларда жарық болмағанын растады. Алайда жағдай бақылауда болған.

Әрине, соңғы 2 сағатта қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысандарда электр энергиясын беруде шектеу болды. Медициналық мекемелерде жарықты өшіру дерегі тіркелді. Барлық медициналық объектіде дизель-генераторлар іске қосылып, энергиямен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдай кезінде реанимация және операциялық блоктарда дизель-генераторлар жұмыс істейді. Осылайша, оларға жарық беріледі. Медициналық мекемелердің қызметіне қауіп төнбеді, - деді Нұрлан Нұркенов.

Сөз соңында Сұңғат Есімханов арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

Олар апаттың себебін анықтайды. Комиссия құрамына барлық мүдделі мемлекеттік орган мен сарапшы енді. 10 күннің ішінде комиссия жұмысты аяқтайды. Оның қорытындысын жариялаймыз, - деді комитет төрағасы.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру