Ауыр атлеттер Азия чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды
Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл құрлықтық додаға Қазақстаннан 20 спортшы қатысып, 4 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальды Нұрғиса Әділетұлы сыйлады. Ол 102 келіге дейінгі салмақта 400 (181+219) келіні басынан асырды. Жұлқи көтеруде күміс, серпе көтеруде және жалпы жаттығуларда алтын жеңіп алды.
109 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тағы екі ауыр атлетіміз жеңіс тұғырына көтерілді.
Артем Антропов қоссайыс бойынша жалпы есепте екінші орынды иеленді. Ол 399 (172+227) келіні көтерді.
Үшінші орынды 390 (169+221) келіні көтерген Аңдас Самарқанов иеленді.
Арли Чонтей 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруден алтын медальді жеңіп алды. Ал қоссайыста үшінші орынға шықты (117+141).
Ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қостанай ауыр атлетика мектебінің оқушысы Алексей Чуркин үшінші орыннан көрінді. Ол жалпы салмағы 340 (154+186) келіні көтерді. Сондай-ақ ол жұлқи көтеруде күміс медаль алды.
Азия чемпионатында алтын медаль алғандардың бірі – Сейітқазы Еламан. Ол 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруде 155 келіні басынан асырып, Азия чемпионы атанды.
Карина Горичева 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруден күміс медаль иеленді (91+101). Ал Аиша Омарова (87 келі) серпе көтеруде қола жүлдегер атанды.
Екі жаттығудың қосындысы бойынша Арай Нұрлыбекова (76 кг), Аиша Омарова (87 кг), Любовь Ковальчук (87+ кг), Сергей Петрович (89 кг) үздік үштіктің қатарына қосыла алмады.
Командалық есепте Қазақстан Республикасының ерлер және әйелдер құрамасы төртінші, ал медальдық есепте ерлер құрамасы Қытай құрамасынан ғана ұтылып, екінші орынға орналасты. Әйелдер құрамасы 11-орынды қанағат тұтты.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ