Бектенов Пәкістанда өткен ШЫҰ кеңесінің отырысына қатысты
Премьер-министр Олжас Бектенов Пәкістан Ислам Республикасының астанасында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 23-ші отырысына қатысты.
ШЫҰ ҮБК отырысында биыл шілдеде Астанада өткен саммит аясында мемлекеттер басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға назар аударылды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа жағдайларда, оның ішінде Беларустің Ұйымға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін алуын ескере отырып, тереңдету шаралары қаралды.
Өткен жылы Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 6%-ға өсіп, 66,7 млрд долларға жетті. Жалпы алғанда, ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі – 30%, бірлестік ішіндегі сауда-саттық жалпы көлемнің төрттен бірінен асты.
Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ШЫҰ-ға қатысушы елдердің көшбасшылары мүше мемлекеттер арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін стратегиялық негіз қалағанын атап өтті. Осыған байланысты, жаһандық экономика дамуының баяулауы жағдайында саудадағы тұрақты серпінді қамтамасыз ету мақсатында өсімнің жаңа мүмкіндіктері қажет.
Қазақстандық тарап цифрландыру мен онлайн-сауданы дамыту, әріптестік порт-логистикалық желіні құру шеңберінде қолданыстағы теміржол және автомобиль жолдарын жаңғырту, энергетика және инвестиция салаларындағы өзара тиімді кооперация қажеттігін атап өтті. Климаттың өзгеруі, қалдықтарды тиімді басқару саласындағы шаралар кешенін іске асыруға, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау мекемелері арасындағы байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Аталған салалардағы тығыз ынтымақтастық Шанхай ондығы елдерінің орнықты дамуы мен өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша 8 құжатқа қол қойылды, оның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы «Жаңа экономикалық диалогты» дамыту тұжырымдамасы туралы шешім қабылданды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ