Бір аптада 125 қылмыскер ұсталды
Бір аптаның ішінде есірткіге қатысты 125 қылмыскер ұсталды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қарасора» арнайы операциясының соңғы аптасында Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында 110 есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Осыған байланысты 125 қылмыскер ұсталды. 250 келі есірткі, оның ішінде 238 келі марихуана, 2 келі гашиш және 10 келі синтетика тәркіленді.
Қарағанды қаласына кіреберісте Астананың 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның көлігінен 2,7 келі мефедрон тәркіленді. Шымкентте жергілікті тұрғынның көлігінен 3,2 келі мефедрон табылды. Алматыда Skoda автокөлігінің салонын тінту кезінде 6 келі гашиш тәркіленді. Сонымен қатар Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында Sсаnia жүк көлігі тоқтатылып, 4 келіден астам марихуана анықталды. Күдіктінің тұрғылықты жерінен тағы 136 келі есірткі табылды. Жамбыл облысының Шу ауданында жергілікті тұрғын ұсталып, одан 67 келі марихуана тәркіленді. Ұсталған адамның айтуынша, ол бақылаудың азаюын күтіп, есірткіні қыста тасымалдауды жоспарлаған.
Демалыс күндері де бұл жұмыс жалғасты. Астанада жергілікті тұрғынның пәтерін тінту кезінде 1,5 келі мефедрон тәркіленді. Ал Теміртауда 22 жастағы есірткі жасырушы ұсталды. Одан 350 грамм мефедрон салынған 300 түйіншек тәркіленді.
Барлық факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жоғарыда аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Жыл басынан бері ішкі істер органдары барлығы 6 217 құқықбұзушылықты анықтады. 32,5 тонна түрлі есірткі, оның ішінде 5,8 тонна марихуана, 62 келі героин, 270 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі бизнесімен айналысқан 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде 3 трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Есірткі топтарының 14 көшбасшысы және 52 мүшесі ұсталды, олардың ішінде шетелдік азаматтар да бар. 40 есірткі зертханасы жойылды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ