присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

«Бишімбаев жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермеді»: Байжанов сотта жауап беріп жатыр

11 сәуір 2024 14:25
«Бишімбаев жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермеді»: Байжанов сотта жауап беріп жатыр

Астанада бұрынғы ұлттық экономика министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол өз сөзін марқұм Салтанат Нүкенованың және өзінің отбасынан кешірім сұраудан бастады.

Айтуынша, 33 жастағы Бақытжан Байжанов – Бишімбаевтың алыс туысы.

«Сол күні Салтанатты бірнеше рет көрдім, таңертең тек көздің қиығымен қарадым. Сол көзі ісіп кеткенін, залдың шашылып жатқанын, дәретхана есігінің сынғанын да көрдім. Таңертең «Гастро орталыққа» келген кезде Бишімбаевтың түнімен шу шығарғанын, ішімдік ішіп, Салтанатты тағы да ұрғанын білдім. Бұл туралы маған ол жерге бармай тұрып айтқан еді. Бірақ ол кезде жағдайдың қаншалықты күрделі екенін білмедім, Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын түсінбедім. Бұл ақталу емес, мен не болып жатқанын түсінбедім. Бұл менің кінәм, сол үшін өкінемін», - деді Байжанов.

Айтуынша, 9 қарашада орталықтың күзетшісі хабарласып, Бишімбаев пен Нүкенованың мас күйінде көлік рөліне отырмақ болғанын хабарлаған.

«Оған бірден көліктің кілтін алып қой деп айттым, себебі мас күйде рөлге отырудың қауіпті екенін ойладым. Сағат сегізден кейін мейрамхананың әкімшісі хабарласып, Бишімбаевтың түнімен шу шығарғанын айтты. Таңертең ерте үй отырып, Қуандық пен Салтанаттың арасында жанжал шыққанын естідім. Оған таңқалған жоқпын. Екеуі бірге тұра бастағаннан екеуінің арасындағы жанжалға үйреніп қалғанмын. Себебі екеуінің ұрысына бірнеше рет куә болдым, бірнеше рет Салтанаттың денесі көгеріп жүргенін байқағанмын. Үйлеріне сынған жиһазды жөндеуге бірнеше рет ұсталарды жібергенмін», - дейді сотталушы.

9 қарашада таңғы уақытта Бишімбаев Байжановқа хабарласып, мейрамханаға келуін сұраған.

«2-қабатқа көтерілгенімде бір залда жарық қосулы тұр екен. Есікті қаққанымда, Бишімбаев ашты. Ішіне кірейін деп едім, бірақ рұқсат бермеді. Одан ішімдіктің иісі шығып тұрды. Бір жейдемен жүр екен. Ішке қарағанымда Салтанаттың диванның жиегінде отырғанын көрдім. Оның үстінде бір киім ғана болды, ішінде ештеңе жоқ екенін байқадым. Бірден назарымды басқа жаққа аудардым. Сол кезде басы төмен түсіп тұрғандықтан, бетінің ісіп кеткенін байқамадым. Түрі көрінбеді», - деді ол.

Осы уақытта Бишімбаев көрпе әкелуді сұраған. Екі көрпені ішке кірместен Бишімбаевқа берген, есіктің жанында күткен. Содан кейін Бишімбаев үйіне қайтатынын айтып, Салтанатты көтеруге көмектесуін сұраған.

«(…) Бір уақытта Бишімбаев «мейрамхана не үшін әлі жұмыс істеп тұр?» деп айғайлады. Бұл мені таңқалдырды. Себебі ол бұған дейін мейрамхананы жабу туралы айтпаған еді. Оған әдеттегі график бойынша жұмыс істеп жатқанын айттым, ол жабуды, қызметкерлері таратуды талап етті. Бұл тапсырманы мейрамхананың әкімшісі Қарлығашқа айттым. Осы ретте Бишімбаев мейрамхананы не себепті жабу қажет екенін нақтыламады. Мен де сұрамадым», - дейді Байжанов.

Ол өзінің Бишімбаев берген тапсырманы мүлтіксіз орындап, ешқашан қарсы шықпағанын айтып өтті.

«13:30 шамасында бірінші қабатқа түскі ас ішуге түстім. Сол кезде Бишімбаевтан «Гастро орталықтағы» барлық видеоны өшіру туралы хабарлама келді. Дәл осы видеоны өшіруге байланысты маған «қылмысты жасыру» бабы бойынша айып тағылды. Айыптау актісінде видеоны өшіруге қатысты айтылғандар шындыққа жанаспайды. Видеоны өшірген кезде Салтанат тірі немесе қайтыс болып кеткенін де білмедім. Айыптау актісінде не жазылғанына қарамастан, Бишімбаевтың менен видеоны өшіруін сұрағанын, оны басқа адамға тапсырып, видеоның өшірілгенін мойындаймын», - дейді ол.

Байжанов видеода не түсірілгенін де білмегенін айтып өтті.

«(…) Салтанат оянды ма деп сұрадым. Ол оянбай жатқанын айтты. Сол кезде жедел жәрдем шақыруды ұсындым. Бишімбаев келіспей, мүсәтір спиртін әкелуді тапсырды. Сол кезде қобалжи бастадым. Таныс дәрігерге хабарласып, «Салтанат неге ұзақ уақыттан бері ұйықтап жатыр?» деп сұрадым, жағдайды айттым. Мейрамханаға келе ала ма деп сұрадым. Ол жедел жәрдем шақыруға кеңес берді, ол жұмыс істейтін мекеменің жекеменшік жедел жәрдем көлігі барын айтты. Оның құны - 40 мың теңге. Бұл туралы Бишімбаевқа айттым, бірақ ол «Салтанат ұйықтап жатыр, күте тұрайық» деп айтты», - дейді ол.

Сол сәтте Бишімбаев Шымкентте тұратын көріпкелге хабарласқан.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру