присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Биыл қазақстандықтарға 2,1 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді

20 тамыз 2024 10:45
Биыл қазақстандықтарға 2,1 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді

Биыл қазақстандықтарға 2 трлн 175 млрд теңгеге зейнетақы төленді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, базалық зейнетақы төлеуге 684,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 490,3 млрд теңге қарастырылған.

Қазір республика бойынша 2 млн 398 мың зейнеткер бар. Оларға төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 064 теңге болып отыр, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 436 теңге, базалық зейнетақы – 42 628 теңге.

Еске сала кетсек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді. Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады, – деп түсіндірді министрлікте.

Сондай-ақ азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру