присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

«Біз халық жауы емеспіз»: Елжан Біртанов соттағы соңғы сөзін айтты

26 қазан 2022 11:00
«Біз халық жауы емеспіз»: Елжан Біртанов соттағы соңғы сөзін айтты

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев соттағы соңғы сөзін айтты.

Елжан Біртанов соттағы сөзін ең алдымен екі жылдан бері өзіне және отбасына қолдау көрсеткен адамдарға алғыс айтудан бастады. Оның ішінде адвокаттарын ерекше атап өтті. Адвокат жұмысы дәрігердің жұмысы секілді қиын екеніне көзім жетті, деді Біртанов.

Олжас Әбішевке де оның кәсібилігі үшін алғыс айтқым келеді. Тек бұл іс барысында ғана емес... Сенің шынайы азамат екеніне және солай болып қалатыныңа күнәнданған емеспін, - деді Біртанов Олжас Әбішевке.

Елжан Біртанов қамауға алынған алғашқы күнді есіне алды.

«Қамауға алынған алғашқы күннен бастап бәзбіреулердің өзіңді бүкіл елдің алдында қаралап жатқанын көресің. Барлық еңбегің, ұмтылысың, өмірлік тәжірибеңнің күлі көкке ұшады. Денсаулық сақтау саласына берген 30 жылдық еңбегің бірден жоқ болып, сені жемқорға, халық жауына айналдырады. Бұл өте қиын болды. Қолдау көрсеткен кісілердің арқасында бәрі өтті. Қолдаулар мен тілектер күш пен сенім берді. Тек осы сотта ғана емес, бұл қолдау әрі қарай дамуға, мақсатқа жетуге күш берді. Біз келешекте денсаулық сақтау саласында ел мүддесі үшін бірге жұмыс істейтінімізге сенімдімін», - деді Біртанов.

Оның айтуынша, қамауға алынғанына тұп-тура екі жыл болған.

Біз ешқандай да жемқор емеспіз. Біз халық жауы емеспіз. Біз не істегіміз келгенін, платформа жұмысында, санавиация ұшағын пайдаланған кезде нені көздегенімізді білгендеріңізді қалаймыз. Дәлелді жеткілікті деңгейде ұсындық деп ойлаймын, - деді Біртанов.

Біртанов іс барысында мемлекеттік айыптаушылар жеткілікті дәлел ұсына алмағанын айтты.

«Құметті сот! Сот тергеуі оңай өткен жоқ. Сонда да финалға жеттік. Барлық тарап өз ойын айтуға мүмкіндік алды. Біріншіден, істегі барлық материалды қарадық. Айыптау актісін, куәгерлерді тыңдадық. Мемлекеттік айыптау мен және Әбішев жасады деген қылмыстың жасалғанын дәлелдей алмады.  Іс бойынша келтірілген құжаттар, куәгерлер сөзі, бұйрық, қызметтік жазбалар толық көлемде ақпарат берді. Оның ішінде қылмыс жоқ екенін көрсетті. Мелмекеттік айыптаушы, прокуратура қылмысты дәлелдей алмады», - деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

Ол сондай-ақ соттан айыпталушы тарап ұсынған дәлелдерге негізді баға беріп, өзін кінәлі емес деп тануды сұрады.

Олжас Әбішев те соттағы соңғы сөзінде өзін ақтауды сұрады.

«Шындықты бүгіп қалу мүмкін емес. Ол кеш те болса сыртқа шығады. Мен соңына дейін барамын. Жаңа Қазақстанда жемқорлық пен ұрлыққа орын болмауы керек. Құрметті сот! Мені айыптап отырғанына мен кінәлі емеспін. Мені ақтауды сұраймын. Мені ақтауды сұраймын, себебі халық сізден әділдік күтіп отыр», - деді Әбішев.

Айта кетейік, бұған дейін прокурор бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сондай-ақ прокурор Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтен бір жарым миллиард теңге өндіріп алуды сұрады.

Одан бөлек Біртановтан санитарлық авиация бортын пайдалануға жұмсалған 5 млн 503 мың 721 теңге өндіріп алуды ұсынды.

Жарыссөзде Елжан Біртанов санавиация ұшағын пайдаланғаны қылмысқа жатпайтынын жеткізді.

«Менің санавиация ұшағын пайдаланғаным да қылмысқа жатпайды. Ол мемлекет мүддесі үшін, басқа адамдардың денсаулығын қорғау үшін жүзеге асырылды. Бұл жерде ешқандай шығын жоқ деп санаймын», - деді экс-министр.

Экс-министр коронавирус инфекциясы жұқтырғаны нақтыланбаса да, өзінің ең қауіпсіз жолды таңдап елодаға қайтқанын айтты.

«...Егер мен штаб бастығы болмасам, Таразда қалып емделуші едім. Мен Астанаға емделу үшін келген жоқпын. Өзімнің қызметтік міндетімді әрі қарай жалғастыру үшін ең қауіпсіз жолмен қайттым. Мақсатым мемлекет мүддесінде басқа адамдардың денсаулығын қорғау болды. (...) Таразда сырқанттанып қалғанымды түсіндім. Бірақ мен министр ретінде астанада жұмыс істеуім керек еді», - деді Біртанов.

Айтуынша, астанаға келген соң қайтадан коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырып, жұмысына барған.

БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біртанов бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.

Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

ОЛЖАС ӘБІШЕВТІҢ ІСІ

Әбішевтің ұсталғаны туралы 2 тамызда хабарланды. Ол «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді.

3 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол кездегі денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Олжас Әбішевтің өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш бергенін хабарлады. Содан кейін Әбішевтің екі айға ұсталғаны белгілі болды.

Олжас Әбішев 2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болды. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру