Бұрынғы вице-министр қамауға алынды: қымбат көліктер мен жылжымайтын мүліктер анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталған. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.
Нәтижесінде, лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін өндіруге дайын кен орындарын алды. Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған.
7 қарашада лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т.Тоқтабаев ұсталды. Тергеу соттың санкциясымен Т.Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды, – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ