присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың несиесін 3 жылға шегеруді ұсынды

03 сәуір 2024 15:28
Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың несиесін 3 жылға шегеруді ұсынды

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиесін төлеу мерзімін 3 жылға шегеруді ұсынды.

Олар депутаттық сауалын ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдады.

«Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса төтеп береміз» делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық.

Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдарымен ғана күресіп келеміз», - деді депутат Мақсат Толықбай.

Депутаттың айтуынша, біріншіден, қарғын су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал еліміздегі кейбір аудандарда дайын тұруға тиіс қайық пен резеңке етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байланыс жоқ.

Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз.

Біз кеше Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық, - деді ол.

Депутат өңірдегі жағдай мәз емес екенін атап өтті.

«Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы су шайып өткен бірнеше үйге AMANAT партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі, Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті прокуратура жобалық құжаттамасынан кінәрат тауып тоқтатып тастаған.

Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал.

Сонымен қатар, жалпы баспанасы жермен-жексен болып, бала-шағасымен босып кеткен ағайынның тағы бір арыз-арманын жеткізейік... Комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе?», - деді Мақсат Толықбай.

Депутат су басқан елді мекен тұрғындарына қатысты тағы бір мәселеге тоқталды.

«Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек.

Биылғы тасқынның беті қатты. Төтеннен келген топанға ешкім бей-жай қарап отырған жоқ. Кейбір әріптестеріміз әлі де сол су басқан аймақтарда жүр... Алайда қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар! Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек», - деді депутат.

Депутаттар Үкіметке төмендегі ұсыныстарды жолдады:

  • Қазақстандағы барлық өзен жағасындағы ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
  • Ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
  • Өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
  • Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
  • Биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауыл шаруашылық несиесін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру