Экономикалық өсім бары рас болса, халықтың жағдайы неге төмен – министр жауабы
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда экономикалық өсім барына қарамастан не себепті халықты қымбатшылық қысып жатқанын түсіндірді.
Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге журналистер «Үкімет баяндамасында елімізде экономикалық өсім бары, инфляция төмендеп жатқаны айтылады. Алайда тауарлардың бағасы өсіп жатыр, оған қазақстандықтар шағымдануда. Неге Үкіметтің баяндамасы шындықтан алшақ?» деген сұрақ қойды.
Әлібек Қуантыров мұның себебін түсіндіруге тырысты.
«Біз мұны білеміз. Өкінішке қарай жоғары инфляция экономика үшін жақсы белгі емес. Екіншіден, дамып келе жатқан кез келген экономикада инфляция болады. Біз қабылдаған шаралардың арқасында инфляция баяулады. Егер бұл шаралар болмаса инфляция әлдеқайда жоғары болар еді», - деді ол.
Ведомство басшысы Қазақстан экономикасында өсім барын жоққа шағыруға болмайтынын атап өтті.
Сіз статистиканы көрсеңіз, халықаралық рейтинг агенттіктері біздің көрсеткіштерді растайды. Бізде жағдай жақсарады деген үміт бар. Біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз, - деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың табысының өспеуіне сыртқы жағдайлар да әсер еткен.
«Коронавирустан кейінгі жағдай, былтыр континентімізді басталған соғыс, геосаяси қақтығыстың ушыққанын көріп отырсыз. Олар экономикалық өсімге, оның ішінде Қазақстанға да теріс әсерін тигізеді. Сондай-ақ Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет. Мұндай катаклизмдер барда бізге сауда жасау қиын. Сондықтан Қазақстан экспортты әртараптандырудың жолын іздейді. Біз саяси, экономикалық реформалармен, оның ішінде жаңа Салық кодексі аясында жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, мұнда тек негатив көрсетудің қажеті жоқ. Ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Оны бәрі байқамауы мүмкін», - деді министр.
Әлібек Қуантыров экономикаға қатысты әлеуметтік желілердегі жағымсыз пікірлерді оқитынын айтып қалды.
Әрине, біз жағдайды бақылаймыз, мұны білеміз. Сондықтан мен өңірлерді аралаймын, халықпен, әсіресе ауыл тұрғындарымен кездесемін. Біз нақты жағдайды көріп, оларға көмектесуге тырысамыз....
Үкіметке белгілі бір деңгейде сенім болуға тиіс. Негізі, Үкіметтің басты міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкіметтің «өтірігінен» шаршағанын айтқан еді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ