присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді

20 қазан 2023 10:46
Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әзірленген жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды.

Пилоттық жоба Астана қаласының 6 мектебінде іске асырылып жатыр. Аталған модель ведомствоның бастамасымен Ұлттық саламатты тамақтану орталығымен бірлесіп құрылды.

Бірінші кезеңде мектептегі тамақтануды ұйымдастыруды бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құлқының үлгілерін байқап зерттеу, антропометриялық көрсеткіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақтану қағидаттарын білуге сауалнама жүргізіледі.

Екіншісінде саламатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін жеткізушілерді, мектеп персоналын, оқушыларды және олардың ата-аналарын оқыту ұйымдастырылады.

Үшінші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды үйлестіруді білдіреді.

Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етпек.

Соңғы кезең – енгізілген өзгерістердің мониторингі және тиімділігін бағалау.

Айта кетсек, бұған дейін министрлік тамақтануды ұйымдастырудың қауіпсіз жағдайларына әсер ететін критерийлерді зерттеген болатын. Соған сәйкес, ұлттық дәстүрлерге және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментіне сәйкес мәзір әзірленді.

Биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 1,6 млн-нан астам оқушы, оның ішінде 1,4 млн-нан астам бастауыш сынып оқушылары және 220 мың ХӘОТ санатындағы 5-11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру