Қазір Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау мүмкін емес – СІМ
Бүгінде Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау мүмкін емес. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Биыл 1 қарашада шетелдік азаматтар мен қос азаматтығы бар палестиналықтарды эвакуациялау басталды.
Өкінішке қарай, 4 қарашадан бастап Рафах пункті (Мысыр) арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау тоқтатылды. Мысыр және Израиль талаптарына сәйкес, әр елге Рафах пункті арқылы шетелдіктерге өтуіне белгілі бір күн беріледі. Мұнда ағымдағы өткізу қабілеті тәулігіне 500-ге жуық адам, сондай-ақ шамамен 45 елдің елшіліктері ұсынған тізімдегі адамдардың жалпы саны ескеріледі. Бұл – шамамен 7 мың адам, - деді Айбек Смадиров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкіл Газа секторында жүрген қазақстандықтардың саны 76-ға жеткенін жеткізді.
«Бүгінде Газа секторында біздің деректеріміз бойынша Қазақстанның 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда, олардың саны – 161 адам», - деді ол.
Айбек Смадияров бүгінде Қазақстан азаматтарын қауіпсіз жерге шығару мүмкін еместігін атап өтті.
Сондай-ақ шетелдіктердің отбасы мүшелерінің шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі бір талаптар бар. Мысалы, үштен бір бөлігі эвакуациялауға, яғни жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейді. Бұл – кәмелетке толған балалар, ерлі-зайыптылар, немерелер. Осыған байланысты кейбір азаматтарымыз отбасы мүшелерін алып кетуге мүмкіндігі болмағандықтан Газа секторынан кетуге дайын емес.
Біз Қазақстан азаматтарын эвакуациялауды мүмкіндігінше тезірек жасау үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Дегенмен көп нәрсе бізге байланысты емес. Бұл әскери дипломатиялық дағдарыспен бүкіл әлем күресіп жатыр», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ ол қазақстандықтарды эвакуациялау қашан мүмкін болатынын жеткізді.
«Біз өз тарамыздан (эвакуациялауға) толық дайынбыз. Қазақстандықтар Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялық борт Каирден ұшып шығуға дайын. Шетелде қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің міндеттерінің бірі. Алдын алу шараларын қабылдау үшін Таяу шығыстағы жағдайды бақылап отырмыз. Өкінішке қарай оның шиелінісі күрделеніп келеді», - деді Айбек Смадияров.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ